Жайық өзенінде 90 мың тоннаға жуық қымбат балық қырылған

21.01.2019 22:51

Жайық өзенінде 87 мың тоннадан артық қырылған балықтардың өлексесі жиналды. Олардың 83 мың тоннасы аса қымбат бекіре тұқымдас балықтар. Мұны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері растап отыр.

Бүгінде су асты тіршілік иелерінің жаппай қырылуының төрт ошағы анықталған. 90 мың тоннаға жуық желбезектілердің өлі табылуы Перетаско сағасында, Жайық өзенінде, «Жайық-Атырау бекіре өсіру» және «Луговой жылқы» зауыттарында тіркелген. Соңғы аталған жеке қолдағы тек бекіре өсіретін кәсіпорында нарықта қымбат балықтардың 81 мың тоннасы жойылған. Экологиялық апаттан кейін құзырлы органдар Қылмыстық кодекстің 328 және 336 баптары бойынша іс қозғаған. Жайықтан алынған су сынамасында тіршілікке аса қауіпті химиялық заттардың бар екені де анықталған. Комитет мамандары нақты себеп зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болады дейді.

«Әзірге белгісіз. Бірақ та Атырау облыстық Экология департаменті суда хлорид тиісті мөлшерден тым көп екенін анықтап отыр. Ауылшаруышылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті балықтың сынамасынан аммиактың көптігін анықтаған. Бұл алдыңғы басты себептердің бірі. Толық тергеп-тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін не себепті балықтар қырылғаны және кінәлі тараптар анықталатын болады», – деді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.