«Алматы» телеарнасы: шынайы оқиға негізіндегі телехикая көрерменге жол тартады

«Алматы» телеарнасы: шынайы оқиға негізіндегі телехикая көрерменге жол тартады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа маусымда – жаңа жоба! Жуық арада «Алматы» телеарнасында шынайы оқиғаға құрылған сот процесін көре аласыздар! «Әділет алаңы» атты 12 сериялы туындыға алты адамның тағдыры арқау болған.

Шығармашылық топ жобаның көптің көңілінінен шығатынына сенімді. Өйткені, телехикая адамды жалықтыратын бір сарынды емес, керісінше буырқанған эмоцияға толы болады деп сендірді.  

Қазір шығармашылық топ түсірілім алаңында жүр. Ал бұл декорациялар емес, нағыз сот залы. Мұнда барлығы: судья да, сотталушы да, куәгерлер мен қылмыстық іс те шынайы. Барлығы өмірден алынған оқиғалаларға құрылған. Тек сценарийшілер оны аздап көркемдеген.

Барлық істе Нұрболат Мұхамеджанов төрағалық етеді. Әділетті және қатал қазы өзге ғана емес, өзіне де дәл солай қарайды. Бас кейіпкерге бірнеше жыл бұрын жұбайы мен кішкентай ұлымен қоштасуына тура келген. Өйткені, жауапты қызметін отбасы түсінбепті. Оған қоса, жанұяға қастандық жасалмақшы болған. Ал судья бәрібір әділеттік жолында жұмыс істеуді қалайды.

Жобаға кастинг жасалып, мықты актерлер ғана таңдалып алынған. Олардың арасында Алдабек Шалбаев, Нұрлан Жұмағали, Ертуған Құрмашев сынды елдің беткеұстар майталмандары бар. Өнер адамдарына сериалда шынайы ойнау үшін актерлік шеберліктен бөлек, Қылмыстық кодексті жаттау керек болған.

«Мен мұнда сомдайтын рөлім – адвокаттың рөлі. Бұл жерде негізгі үш кейіпкер бар. Ол сот, прокурор және адвокат. Бұл рөлді сомдау мен үшін қызық болды. Өйткені, актерлік мамандықтан бөлек, басқа мамандықтың қиын екенін көріп жатырмыз. Қылмыс бар жерде заң бар. Заң бар жерде әділеттілік бар. Бұл сериалдың атауының «Әділет алаңы» болғаны содан да шығар», – деді актер Ертуған ҚҰРМАШЕВ.

«Әр нәрсенің қиындығы болады. Онсыз болмайды. Оңай нәрсе жоқ дейді ғой. Сондықтан бұл рөл енді өзіме шындап айтсам, таңсық емес. Нағыз сот процесінің ішкі жағынан қылмыстардың қалай жасалғаны жан-жақты қарастырылады, осы телехикаяда ашыла түседі. Сондықтан Алматы телеарнасының көрермендері үшін бұл телехикая қызықты болады деп үміттенеміз», – деді актер Нұрлан ЖҰМАҒАЛИ.

Телехикая қазақ тілінде болады. Айта кетейік, сюжет өмірдегі оқиға орын алған аймақта түсірілген. Ал жобаның қоюшы операторы осылайша халыққа мұндай әрекетке бармауға, жаманнан сабақ алуға үйретеміз деп отыр.

«Кейінгі кезде болар болмас ұрыс-жанжалдың соңы өлімге әкелетін жағдайлар көбейіп кетті. Біздің мақсатымыз – сондай жағдайлардың алдын алу үшін адамдарға ой салу, көрерменді ізгілікке баулу», – дейді жобаның қоюшы операторы Саят ЖАНҒАЗИНОВ.

«Әділет алаңы» телехикаясы көрерменге жуырда жол тартады. 12 сериялы сот отырысының әрқайсысы 25 минуттан тұрады. Көрермендер кейіпкерлермен бірге қызғанышты да, әділетсіздікті де, жауапсыз махабатты да сезіне алады.


Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров