Ақтауда белгісіз жомарт жан көп балалы отбасына пәтер сыйлады

19.09.2018 16:58

Аты-жөнін айтуды қаламаған ақтаулық бизнесмен қиын жағдайда қалған отбасыларға осымен екінші пәтерді сыйға тартты деп хабарлайды Sputnik.kz

Сарай мен қора-қопсыны паналап келген көп балалы отбасы облыс орталығынан бір бөлмелі пәтер алған.

Ерлі-зайыпты Жанар мен Асхат баспаналы болғандарына сене алар емес. Екеуі де жетім өскен, сондықтан өз күштеріне ғана сенуге дағдыланған. Төрт баланы асырау үшін Жанар мен Асхат кез келген жұмысты істеп келген.

«Ерлі-зайыпты сарайларда, қораларда тұрған, далада ауыр жұмыс істеп, мал баққан. Ол жақта ешқандай жағдай жасалмаған, мысалы, жарық, жылу деген атымен болмаған», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Айсұлу Дүтбаева.