Қазақстандағы автокөлік нарығының бүгінгі ахуалы: көлік қашан арзандайды?

23.11.2018 23:30

Қазақстанда бизнес-класс автокөліктерін тақымдайтындар қатары артқан. Ал ескірген, арзан көліктерді сатып алатындар саны одан да көп. Қымбат бағада темір тұлпар алушылар жоқтың қасы дейді мамандар. Бұған не себеп? Еліміздегі автокөлік нарығындағы бүгінгі жағдай қандай?

Алматыдағы қара базардан көлік қарап жүрген көптің бірі – Серікқұл Әсемқұлов. Ол көлемі шағын, шығыны аз автокөлік іздеп жүр екен.

«Арзандау бағада шағыну машина керек. Қызыма «Матиз» көлігін қарап жүрміз. Шамамен, 700-800 мың теңге төңірегінде болса дейміз. Машинаның бәрі қымбат. Арзан баға жоқ, бәрі 1 миллион теңгеден жоғары. Біздің ол көліктерге ақшамыз жетпейді», – дейді Серікқұл ӘСЕМҚҰЛОВ.

Автокөлік базарында ескі болса да, бағасы 1-2 миллион теңгеден аспайтын темір тұлпар тапқысы кеп жүрген Серікқұл Әсемқұлов сияқтылар көп-ақ. Бірақ сатылымға шығарылған көліктің көбі одан қымбаттау.

«Машина жоқ болып тұр. Жаңасы жоқ. Баяғыда көп еді, қазір жоқ қой», дейді көлік іздегендер.

Сарапшылар елімізде өткен жылмен салыстырғанда автокөлік бағасының қымбаттағанын айтады. Жеңіл автокөліктер 18 пайызға, ал премиум класындағы көліктердің бағасы 16 пайызға өскен. Қарапайым халықтың көбінесе, арзан темір тұлпар алатынын айтқан сарапшылар автонарықтағы жағдайдың мәз емес екенін алға тартады.

«Қазіргі жағдай қиын. Себебі, жаңа көліктер шетелден, Еуропадан кіргізіліп жатқан жоқ. Кедендік одаққа байланысты бізде нақты кедергілер бар. Кедендік Одақ стандарты бойынша көлікте «эват», «sos» жүйелері, балалардың белдігін орнататын қондырғы болуы керек. Және көлік Еуро-4 стандартқа сай болуы тиіс. Шыққан жылы 7 жылдан ескі болмауы керек», – деді сарапшы Олжас ОҚАС. 

Сарапшылар еліміздегі айдалған арзан машиналардың басым көпшілігінің тозығы жеткен дейді. Ал орта бағадағы автокөліктерді халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан сұраныс жоқтың қасы.

Біреулер тозығы жеткен арзан көліктерді қанағат тұтса, енді біреулер үшін бағадан гөрі, жайлылық маңызды. Сарапшылардың айтуынша, соңғы кездері бизнес-кластағы автокөліктерді сатып алушылар саны көбейген.

Өткен жылы бизнес-класстағы автокөліктердің 8 пайызы ғана сатылса, биыл 20 пайызы өткен. Оның бір себебі, автонесилеу бағдарламалары. Мәселен, Қазақстандағы бір ғана автосалонның өзінде 2018 жылы жаңа көлік сатып алғандардың 55 пайызы несие арқылы рәсімдеген.

«Бүгінде қазақстандықтарға отандық жеңіл автокөліктерді сатып алу мақсатына коммерциялық банктер арқылы жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие берудің шарттары мынадай: сыйақының номиналдық мөлшерлемесінің жылдық мөлшерлемесі 4%-дан аспауы тиіс, кредит беру мерзімі - 7 жылдан аспауы тиіс, қарыз валютасы – теңге, жеңіл автокөліктің бір бірлігінің құны – 15 млн теңгеден аспайды», – деді Қазақстан даму банкі Қаржы институттарымен жұмыс жасау департаментінің фронт-менеджері Ренат МАНАСПАЕВ. 

Соңғы 3 жыл ішінде 13 мыңға жуық (12 800) қазақстандық азамат отандық өндірістің жаңа автокөліктерін сатып алған. Ал 2017 жылы мың жарым (1 530) жеңілдетілген несие рәсімделсе, биылғы жылдың 10 айында 3 мыңға жуық 2 900 несие берілді. Айта кетейік, 20 жылға есептелген бұл бағдарлама 2015 жылдың сәуірінде іске қосылған. Қаржыландыру револьверлік жолмен жүзеге асады, яғни жұмыс істеп тұрған кредиттерді өтеуден түсетін төлемдер жаңадан автонесие беруге жұмсалады. Бағдарлама шеңберінде автонесие беруге 2015-2016 жылы Ұлттық қордан 26 млрд теңге бөлінсе, ағымдағы жылдың басында бюджет қаражаты есебінен тағы 8 млрд теңге жіберілді.

«2017 жылдың қаңтарында Қазақстанда құрастырылған автомобильдерді сату үлесі 28%-ды құраса, 2018 жылдың қазан айында отандық автомобильдердің сатылым үлесі 51%-ды құрады. Жалпы алғанда отандық өндірушілердің автокөліктеріне деген сұраныстың өсуі байқалады. Ал көлік сатып алу белсенділігі бойынша бірінші орында Алматы, одан кейін Атырау, ал үшінші орында Астана қаласы тұр», – деді автосалонның сату бөлімінің директоры Виталий ЦЕЛИКО.

Қымбат темір тұлпарлар арасында ең танымал брендті атау мүмкін емес. Себебі, талғам әр түрлі.

«Көлік нарығында өткен жылдың динамикасымен салыстырғанда өсім болғанымен, жалпы тұрғындардың сатып алу қабілеті төмендеп жатыр. 2014 жылмен салыстырсақ, автонарық айтарлықтай құлдыраған. Яғни, автокөлік сатылымы шамамен, 3 пайызға төмендеді. Мәселен, 2014 жылы 150 мыңдай автокөлік сатылса, өткен жылы 42 мыңнан аса машина сатылған», – деді Қазақстанның тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Тимур ЖАРКЕНОВ.

Елімізде құрастырылатын темір тұлпарлардың бағасы қарапайым халыққа ауыр тигендіктен, көбі көрші елдердің өнімін алуды жөн көреді.

«Мемлекеттік көлік шығаруға субсидия керек. Содан соң шетелден кіргізілетін көліктерге алым-салықтар болады. Сол бізге үлкен кедергі. Егер сол көліктердің моторы да, шанағы да, қосалқы бөлшектері де, айна, есік-терезесіне дейін Қазақстанда құрастырылатын болса, бағасы қатты төмендейтін еді. Сонда қолжетімді болушы еді», – дейді сарапшы Олжас ОҚАС.  

Еліміздегі көлік нарығына мамандар айтқан қолдау мен көмек болмаған жағдайда, бұл салада алдағы жылдары да айтарлықтай оң өзгеріс бола қоймас дейді сарапшылар. Яғни, көлік бағасы қымбаттамаса, арзандамайтыны анық деген пікірде көбі.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы