Елімізде жарты миллионға жуық адам жеке куәліксіз жүр

27.12.2018 23:47

Қазақстанда жарты миллионға жуық адам құжатсыз жүр. Жұмысқа орналаса алмау, тіпті ауырып қалса ауруханаға жүгінбеу сияқты жағдайларға санда да, санатта да жоқ бұл азаматтардың еті үйреніп кеткен сыңайлы. Ал оларға неліктен куәлік берілмейді? Елімізде ресмилендіру шарасы күрделі ме әлде азаматтардың өздері кінәлі ме? Жалпы, адамдарды заңдастыру талаптары қандай?

46 жастағы Елена Ширинкина жеке куәлігін жуырда ғана алды. Ата-анасынан ерте айырылған жетім қыздың жеке басын куәландыратын құжаты болмапты. Сондықтан өмір бойы көрінгеннің үйінде күң болып күн көрген. Тұратын жері жоқ, сәйкесінше, ешқайда тіркелмегендіктен, осы уақытқа дейін құжат жасауға шамасы болмапты.

«Былтыр аяғымды сындырып алдым. Алайда, ауруханаға бара алмадым. Себебі, жеке куәлігім жоқ. Туған әпкем де құжатсыз жүр. Бастапқыда болған кеңестік қызыл төлқұжатын жоғалтып алды. Міне, бүгінге дейін куәліксіз жүргеніне 15 жыл болды. Мен оны Жезқазғандағы ауылдардың бірінде еңбек құлдығында жүрген жерінен тауып алдым. Ол жерде құлдықтың ондай түрі кең етек алып кеткен. Біз де сонда біраз жұмыс істедік. Ақша төлемейді. Жұмыс істейсің, сені тамақтандырады», – деді Елена ШИРИНКИНА.

Елена мен оның үш баласына құжаттар жасап беруге «Қорғау Астана» қоғамдық қоры көмектескен екен. Қор өкілдері әлеуметтік деңгейі төмен отбасының мемлекет тарапынан қарастырылған жәрдемақы алуына да септесіпті. «Қорғау Астана» биыл дәл осындай 180 адамға қол ұшын берген.

«Соңғы бес жылда 1500 адамды заңдастыруға септігімізді тигіздік. Олар негізінен, үй-күйсіз жүргендер, жетімдер үйлерінің түлектері, яғни қоғамның әлеуметтік қорғалмаған тобы», – деді «Қорғау Астана» ҚҚ директоры Анна РЫЛЬ.

Маман елімізде құжатсыз жүрген келімсектердің де барын жеткізді. Десе де, қазақстандықтардың да саны аз емес дейді. Бейресми мәлімет бойынша жарты миллионнан астам отандасымызда куәлік жоқ. Ал елордалық көші-қон қызметі басқармасының мамандары ресмилендірудің еш қиындығы жоқ деп отыр.


«Жеке басты куәландыратын құжат алған кезде азаматтың міндетті түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуі болуы шарт. Яғни тұрғылықты тіркеусіз оның ешқандай құжатты рәсімдеуге мүмкіндігі болмайды.Жеке куәліктің құны айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Бұл 481 теңге», – дейді Астана қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар ЖОМАРТОВА.

Белгілі болғаны, биыл Астанада 77 мың адамға жеке куәлік берілген. Олардың жүзге жуығында түрлі мәселе болған. Мысалы, 29 астаналық ұзақ жылдар бойы құжатсыз өмір сүріп, ешқандай санатта да тіркелмеген. Олар тұлғасын растайтын куәлігін енді ғана алып отыр.


Қоғамдық бірлестік өкілдері мәселені шешу үшін адамдарды заңдастырудың арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет дегенді алға тартады. Себебі, алда халық санағы. Ал бұл кезде түйткіл өрши түсетіні жасырын емес.


Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана