Шымбұлақта қалың қар жауғанына қарамастан, қысқы маусым қарашада ашылады

25.09.2018 23:50

Алматыға қар жауды. Таулы аймаққа түскен ақұлпаның қалыңдығы кейбір жерлерде 16 см-ге жеткен. Ал бүгін Шымбұлаққа қарды көру үшін арнайы келгендердің саны көп-ақ. Тау шаңғы базасында қысқы маусым қашан ашылады? Алдағы күндері ауа райы қалай болмақ?

Кеше Алматы маңына қыс ерте келгендей күн болды. Шымбұлақ тау шаңғы курортын қар басып қалған. Кешегі толассыз жауған қардың соңы Шымбұлақтағы мынадай ақұлпаға ұласыпты.

Алғашқы қалың қарды көруге келген қала қонақтары мен туристердің қарасы қалың. Олар шаһардағы ең көрікті орынның бірі – Шымбұлақ шатқалында таза ауада серуендеп, әсем табиғат аясында суретке түсіп әлек. Тіпті, арасында қарды көру үшін арнайы келгендер де бар екен.

«Мен бүгін Қарағандыдан келдім. Әкпем Алматыда тұрады. Шымбұлақта қар жауғанын сол әкпем айтып еді, сондықтан биылғы қарды көру үшін бүгін осы жерге келіп қалдық», дейді қарды көруге келген қала қонақтарының бірі.

Синоптиктердің айтуынша, таулы аймақтарда 16 см-ге жуық қар жауған. Десе де, табиғаттың тосын мінезі тау шаңғы базасының жұмысына еш кедергі келтірмепті. Қардан кейінгі тазарту жұмыстары кешкісін басталып, таңға дейін жалғасқан.

«Таңнан бастап қар ұшқындары байқала бастады. Түске жақын жел тұрып, бұршақ жауды. Қызметкерлеріміз ауа-райының мұндай құбылысына қашанда дайын.  Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Кешке таман 10 см-ге жуық қар жауды. Сол уақыттан бастап тазалыққа белсенді түрде кірістік», – деді «Шымбұлақ» тау шаңғы базасы ойын-сауық орталығының басшысы Юрий КОХОВИЧ.

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, былтыр да таулы аймақтарда қыркүйек айында қар жауған. Ал алдағы күндері ауа температурасы жоғарлап, жауын-шашынсыз күн райы күтілетінін хабарлап отыр.

«Біздегі циклон қазір Батыс Сібірдің оңтүстігіне ауысып, Қазақстан аймағында антициклон жүріп жатырн. Сол себепті, алдағы 2-3 күнде жауын-шашынсыз, ашық ауа райы болады деп болжап отырмыз. Яғни, ауа температурасы біршама жоғарылайды. Бүгін түнде таулы аймақтарда 0, -2 градус аяз, ал күндіз +8, +10 градусқа жылы болды. Ал 26-27 қыркүйек күндері таулы аймақтарда жауын-шашын болмайды, ауа температурасы түнде 0, +2 градус, күндіз +10, +15 градус жылы болады.  Қалада жауын-шашын болмайды, түнде +8, +13 жылы, күндіз +20, +23 градус жылы болып тұрады», – деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Ақзер ӘШІМ.

Айта кетейік, Шымбұлаққа келушілер саны әлі толастаған жоқ. Тіпті, шетелдік туристердің қарасы да азаймапты. Алайда, қысқы маусым қарашаның ортасында бір-ақ ашылады.


Гүлшырын Серікқызы, Мұрат Тайжанбаев, «Алматы» телеарнасы