Биыл «Бала дауысы» байқауына 3 мың жеткіншек қатысқан

27.09.2018 00:05

3 жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Бала дауысы» фестиваліне қатысуға биыл 3 мыңнан аса жеткіншек ниет білдірген. Өйткені, өтінімдер жеңілдетілген жаңа форматта қабылданыпты.

Байқауға іріктеу мамырда басталып, одан келесі кезеңге тек 80 бала өткен. Ал қазылар алқасы финалға 8 бен 12 жас аралығындағы 19 орындаушыны таңдап алған. Еліміздің 16 облысынан жиналған дарындар қазір Алматыдағы «Бөбек» оқу орталығында тұрып жатыр. Олар 2 апта бойы білікті мамандардардан би, ән және актерлік шеберлік бойынша дәріс алады. Бүгін олардың алдында еліміздің бетке ұстар өнер жұлдыздары шеберлік сабағын өткізіп, ақыл-кеңестерін айтты.

«Биылғы сайыстың ерекшелігі – балалар көп келді. Осымен 3-ші маусым өтіп жатқан сайысқа 11 мыңнан астам бала қатысты. Биыл байқауға балалардың көп қатысуына іріктеуді интернет арқылы өткізуіміз себеп болды. Біз тек балалар арасында байқау ұйымдастырып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды, талантты балаларды тауып, оларды баптап, болашақ жарқын жұлдыздарға айналдырсақ дейміз», – деді «Бала дауысы» балалар ән байқауының үйлестірушісі Әділбек БОЛАТ.

«Бұл байқаудан көп нәрсе үйреніп жатырмын. Мысалы, хореграфия, вокал қырларын меңгеріп, басқа да ойындар ойнаймыз. Осындай жұлдызды балалар ортасына келгеніме, финалдан өткеніме өте қуаныштымын!», – дейді «Бала дауысы» балалар ән байқауына қатысушы Аңсар ЖҮСІП.

Айта кету керек, ұлттық ән байқауында тек қазақ авторларының шығармалары орындалады. Соның нәтижесінде, балалардың ән қоржыны 50 шақты жаңа туындымен толыққан. Ал жеңімпаз дауыс беру арқылы және қазылар алқасының бағасы бойынша анықталады. Ең мықты деп танылған өнерпаз Париждегі Диснейлендке жолдама алады.