Алматыда мәслихат депутаттығына үміткерлер тұрғындар мұңын тыңдады

13.10.2018 00:12

Алматыда мәслихат депутаттығына үміткер Асхат Шілікбаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті. Кандидат аудандағы білім саласын дамытуға, мектеп, балабақшалар санын көбейтіп, балаларға арналған спорт және өнер орталықтарының салынуына атсалыспақ. Әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналар да назардан тыс қалмайды деді.  

«Тұрғындарды көп мазалайтын сұрақтың бірі – көшелерді жарықтандыру, мектеп маңына аялдама салу және әлеуметтік көмек. Бүгін көтерілген сұрақтардың бәрі де шешілетін мәселелер. Барлығын өзіме түртіп жазып алдым», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.

Түрксіб ауданы тұрғындарының мұң-мұқтажын мәслихат депутаттығына кандидат Гүлнас Ахметова да тыңдады. Ата-аналар мектептер маңайындағы жолдарды жөндеп, жарық шамдар орнатып, көріктендіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.  

«Айтылған мәселелердің көбі әлеуметтік сұрақтар. Яғни, тұрғындар спорт алаңдарының жетіспеушілігін, аулаларды абаттандыруды сұрауда. Халықтың жеке мәселелерін емес, көпшілікке қажетті нәрселерді сұрағаны қуантады. Барлығын да болашақта ескеруге тырысамыз», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гулнас АХМЕТОВА.

Мәслихат депутаттығына үміткер Михаил Грачевтан Түрксіб ауданының тұрғындары балалар алаңын көбейтіп, кешкі уақытта қатынайтын автобустарды қадағалауды сұрады. Кандидат өз кезегінде халықты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Үміткер аудандағы аялдамаларды жаңартып, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауға ат салысамын деп сендірді.  

«Тұрғындар көбінесе балаларға ойын алаңдарын салуды, көшелерді жарықтандыруды сұрайды. Барлық ұсыныстарды ескеретін боламыз. Және ауданның инфрақұрылымын жақсартып, мектепке баратын жолдарды жарықпен қамтамасыз ету жоспарымда бар», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЕВ.