Жаңа дәрілердің пайдасы және залалын отандық медицина енді... адамдарға сынауы мүмкін. Мұндай тәжірибені жүргізуге Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат сұрап отыр. Сынақ, әлбетте, ерікті түрде жүргізіледі және бұл – әлемдік тәжірибе деді бүгін Мәжіліске келген министр Біртанов.
Мәжілістің жалпы отырысында бұл жолы денсаулық сақтау заң жобасы талқыланды. Мінберге шыққан министр Елжан Біртановқа көптеген сұрақтар қойылды. Солардың арасында ерекше құлаққа жеткені – депутат Ахмед Мурадовтың халық медицинасы жайлы сауалы. Ол жауапты ведомство тарапынан емші, тәуіп, дем салушыларға еш бақылау жоқ деді.
«Елімізде дәстүрлі емес медицина нарығы өте үлкен. Оған қытай, ислам, қасиетті су, емдік батпақ сынды медициналар кіреді. Ол жерлерде емделген адамдармен де кездестім. Ол жақта не бақылау, не нормалау, не басқару жоқ. Қаржы айналымы қандай екенін ұсынатын біреу бар ма, әлде жоқ па? Бірақ, өте қымбат төлем жасайды. Нәтижелері де сорақы болатын жағдай жиі кездеседі. Жағдайы нашарлағанда ғана кепілдендірілген медицинаға жүгінеді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ахмед МУРАДОВ.
Бұл сауалға Мәжіліс төрағасы өзі жауап берді. Нұрлан Нығматулин бұрынғыдай халықты шөппен, дұғамен емдейтіндердің уақыты өткенін, халыққа дәстүрлі, дамыған медицинаға жүгіну керегін ескертті. Нығматулин үйде ем жүргізетіндерге емес, елдегі дәрі-дәрмек сапасына наразылық білдірді. Оның адамға берер пайдасын кім зерттейтінін сұрады министрден.
«Клиникалық зерттеулер, ғылыми журналдарда жарық көргеннен кейін препараттар жайлы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің біріккен комиссиясына тапсырылады. Бұл комиссия «Ұлт Жоспары: 100 қадам» аясында құрылған. Оның құрамына тауарды шығарушылар, ғылыми орта, қоғам, біздің ведомство енген. Барлық жағдайлар талқыланып болғаннан кейін барып, дәріні жалпы емдік тізімге қосу керек немесе керек еместігін шешеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Бірақ Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл сұраққа бір-біріне ұқсас, еш пайдасы жоқ дәрілерді аталмыш комиссия дер кезінде жоюы керек деген ескертумен жауап берді. Министрлік енді белгілі дәрінің күшін лабораториялық жан-жануардан бөлек, адамдарға да беріп, зерттемек ниетте.
«Әңгіме жаңа технологияларды енгізуге арналған медициналық зерттеулер жайында. Дәрі жалпы қолданысқа берілмес бұрын, зерттеулер лабораториясындағы жан-жануарға жүргізіледі. Одан кейін зерттеулерге адамдар тартылады. Бұған дейін біз балаларға, аяғы ауыр әйелдерге, әскерилерге осындай зерттеулер жүргізуден шеттелген едік. Енді олар емделу үшін осындай шараға барып отырмыз. Мысалы, бала ағзасынан өтпеген дәріні оған беруге болмайды. Әрине, біз осындай жұмысқа рұқсат алғымыз келеді. Бұл зерттеулерге тек еріктілер тартылады», – деді ЕЛЖАН БІРТАНОВ.
Әрине, зерттеулер рұқсат берілген жағдайда қолға алынбақ. Ал бүгінгі құжат мақұлданды. Осылайша, елімізде енді медициналық білім және ғылым жүйесі реттеледі, кадр дайындау ісі өрге жүріп, жоғарғы оқу орындарындағы сабақ беру ісі қолға алынады. Білікті мамандар дайындау үшін алдағы уақытта университеттік клиникалар да іске қосылатын болады.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана