Оңтүстік Кореядан жұмыс тауып беруге уәде етіп, жұртты алдаған алаяқ ұсталды

06.12.2018 00:20

Алматыда тұрғындарға Оңтүстік Кореядан жайлы жұмыс тауып беруді уәде еткен алаяқ әйел ұсталды. 29 жастағы Диана Құрманова азаматтарды шетелде жалақысы жоғары қызметке орналастыруға сөз берген. Ал бұл қызметі үшін жұрттан қомақты қаржы талап етіпті.

Алданғандардың бірі келіншекке тіпті, 1,5 миллион теңгеге жуық ақшасын берген. Күдікті Оңтүстік Кореядан жұмыс тауып беру туралы хабарландыруын ғаламторға жариялаған. Сөйтіп, бірқатар адамдарды құрығына оңай түсірген екен. Ол қоңырау шалғандармен кездесіп, түрлі суреттер көрсетіп, шетелдегі мол табысқа қызықтырған. Онда күніне 80 доллар беретін жұмыс бар екенін айтқан. Иланған адамдардың ақшасын алғасын, телефонын өшіріп ұшты-күйлі жоғалған. Әзірге алаяқ әйелден тек бір адам жапа шегіп, полицияға арыз жазыпты. Дегенмен, «Құрманованың құрбандары әлі де көп болуы мүмкін» дейді Полиция департаментінің өкілдері.  

«Осы алданған азамат Диана Құрманованың қолына 1 млн 400 мың теңгесін табыстаған. Ол соманың ішіне визаны дайындаудан бастап, Оңтүстік Кореяға дейін жеткізу қызметтері кірген. Қазіргі таңда анық болғандай, ол азаматша Оңтүстік Кореяда ешқашан болмаған. Ондай таныс-тамыры да жоқ, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де жоқ. Егер жәбір көрген азаматтар болса, 254-48-00 және 254-48-02 телефондарына хабарласуын сұраймыз», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Одан бөлек, Алматыда пәтерді өзі 1 күнге жалдап, кейін өзгелерге 1 айға өткізіп кеткен алаяқ ұсталды. Есте болса, арнамыздан қазан айында тақырға отырған отбасы жайлы материал көрсетілген еді. Ол кезде 26 жастағы айласына құрық бойлатпайтын жігіт жалған құжат арқылы сенімге оңай кіріп, 100 мың теңгеге сан соқтырып кеткен болатын. Араға 2 ай салып ұсталған әккі қудың тағы 5 қылмыс дерегіне қатысы бар екені анықталды. Ұсталған азамат бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.  

«Үшеуі алаяқтық болса, екеуі – пәтер ұрлығы. Егер пәтерді қайта жалдауға беруге мүмкіндігі болмаса, оны үптеп кеткен деректер де бар. Қазіргі таңда ол азамат қамауға алынды. Жәбір көрген азаматтар болса, 254-46-00, 254-46-02 телефондарына хабарласқаны жөн. Ол азамат жұмыс істемеген. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алматының тұрғыны», – деді Салтанат ӘЗІРБЕК.