Елімізде жылына кем дегенде 170 бүлдіршін ақ қан ауруына шалдығады

15.01.2018 21:58

Елімізде «пышаққа ілінетін» балалардың саны артқан. Былтыр 46 бүлдіршіннің жілік майы ауыстырылса, 2016 жылы 12  балаға осындай ота жасалыпты. Операцияның көптеп өтуі, жеткіншектердің  құлан таза айығуына сеп болуда.

Бұл қатерлі дертті дер кезінде жеңген бүлдіршіннің бірі-алты жасар Ақерке Асылбектің алғаш айтқан сөзі. Ол үш жастан асқанда лимфобластық лейкозға шалдыққан. Аяққа тұра алмай қалған қыздың диагнозын Жамбыл облысының ақ халаттылары біраз уақытқа дейін қоя алмаған. Кейіннен науқас Алматыға жеткізіліп, осында 9 ай бойы ем-дом қабылдаған. Періштесі қағып аман қалған Ақеркенің бүгінде денсаулығы жақсы. Енді екі жыл дәрігерлердің бақылауында болады.

«Дәрігерлер 90 пайыз жазылады, 10 пайыз өз қолыңызда, деді. Біз сендік. Қанша ауырып жатса да, күліп жүретін Ақерке. Өзі өмірді жақсы көреді. Мен айтам «бірінші Алла Тағаладан сұра» деп, ол болса «алдымен барлық бала жазылсын» деп бірінші айтатын. Соңынан өзін айтатын. Қазір жақсы, дәрігерлер бізге көмектесті.  Жазылады деп сендірді. Біз сендік, қазір жақсы», - деді  Нұргүл ДӘУЛЕТБАЙҚЫЗЫ.

Ақерке секілді жылына елімізде кем дегенде 170 бүлдіршін ақ қан ауруына шалдығады екен. Қатерлі аурумен бетпе-бет кездескен балақайлардың 86 пайызы айығып кетеді. Ал жыл сайын обыр дертіне душар болған бала саны 500-ден түспей тұр.

«Осы уақытқа дейін қатерлі  дертпен 5 мың бала республикалық онкологиялық орталықта ем қабылдады. Оның ішінде 2 мыңы созылмалы лейкоз ауруын жеңіп келеді. Қазір тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қадағаланып тұрады. Біз неміс елінің мамандары мен біріге отырып, химия терапияның жаңа жүйесін қолдануға кірісіп кеттік», - деді  Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығының директоры Риза БОРАНБАЕВА.

Аты жаман ауруға шалдығатын 3 жасқа дейінгі  балардың 40 пайызы- дерттің қатерлі түрімен ауырады екен. Көбінесе, шақалақтар осындай диагнозбен туылады, дейді дәрігерлер. Отандық хирургтар бала өмірін сақтап қалу үшін жыл сайын жасайтын операцияның санын арттыруда. Былтыр 46 жеткіншектің жілік майын ауыстырса, 2016 жылы 16 бүлдіршіннің өмірі құтқарылған.  

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев «Алматы» телеарнасы