ALMATY FILM кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті

20.09.2018 01:00

Алматыда басталған ALMATY FILM кинофестивалі өз мәресіне жетті. 5 күнге созылған шарада ұсынылған туындыларды 10 мыңнан аса көрермен тамашалаған. Өйткені, қос кинотеатрда фильмдерді тегін көруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, бүгін кинобәйгедегі жеңімпаздардың есімі анықталды.    

Бүгін Алматыда тұңғыш рет өтіп жатқан «ALMATY FILM» кинофестивалінің соңғы күні. Жабылу салтанатына дейін кино сүйер қауым 30 шақты картинаны тамашалап үлгерді. Ал 10-ы конкурстық бағдарламаға қатысты. Байқаудан тыс фильмдер секцияларға бөлініп көрсетілді. Көрермендер «Рисуя жизнь», «Горизонт», «Хрусталь», «Аверно», «Вулкан», «София» сынды картиналарды тамашалады. Ал байқаудағы қазылар алқасы мүшесінде «Айка» фильмнің продюсері Гүлнәр Сәрсенова, сондай-ақ, Марк Рускар, Роберт Минкофф пен Алексей Петрухин болды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы күні «Бизнесмены» фильмі көрсетіледі деп жоспарланған еді. Дегенмен, енді қазылар алқасы байқауда үздік аталған туынды көрсететін болып шешкен. 
Қазыларды тәнті етіп, үздік шыққан Гран-при иесіне 3 млн теңге беріледі. Ал «Үздік режиссер» 2 млн теңгені қанжығасына байлайды. «Үздік актер мен актриса» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинацияларына 1 миллион теңгеден қарастырылған. 
Айта кетерлігі, фестивальге қатысушы фильмдердің бағасын танымал киногерлер берді. Қазыларға танымал ресейлік режиссер Сергей Бодров төрелік етті.