Алматыны сумен қамтитын мекеменің сандық жүйеге көшу тәжірибесін Өзбекстанның Ташкент қаласы мен еліміздің өзге өңірлері қолданбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, цифрландыру «Smart Almaty» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Мәселен, автоматтандыру жүйесінің арқасында электр қуаты 5 пайызға, апаттық жағдайлар 10 пайызға қысқарса, ал құбырларды пайдалану мерзімі 15 пайызға артқан. Одан бөлек, «Алматы Су» мекемесі жыл басында 7 арнайы техника сатып алған. Оның қатарында магистралды жолдардағы үлкен диаметрлі кәріз құбырларын тазартатын көлік бар. Осыған дейін бітелген кәріз жұмысшылар күшімен тазаланып келіпті. Сондай-ақ, су құбырларын іздеу, жағдайын күнделікті бақылау үшін арнайы робот телеинспекция алынған.
«Ең басты мақсат – өз тәжірибемізбен бөлісу. Қандай ақпараттық жүйе нақты су арнасына керек, қандай жүйелер бар, соны анықтауымыз керек. Цифрландыру, автоматтандыру жұмыстарын атқару барысында нәтижесін тұрғындар үшін, жалпы қала үшін ыңғайлы етіп жасау. Екіншіден, су шығындарын, яғни су ағындарын, сондай-ақ, электр қуаты шығынын азайту керек. Және мекеме жұмыскерлерінің жұмысын ыңғайлату ету», – деді «Алматы Су холдингі» МКК баспасөз хатшысы Серік ШАГИРОВ.