Бала денсаулығына қауіпсіз әрі сапалы ойыншықты қалай таңдау керек – маман кеңесі

Бала денсаулығына қауіпсіз әрі сапалы ойыншықты қалай таңдау керек – маман кеңесі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл қарсаңында балалардың денсаулығына қауіпсіз әрі сапалы ойыншықтарды қалай таңдау керек? Бұл туралы бүгін Астанадағы Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары айтып берді. Анықталғаны, сынамалар жүргізілген ойыншықтардың 50 пайызы талаптарға сай келмеген. Аталмыш департаменттегі Техникалық регламенттер талаптарын сақтау бөлімінің басшысы Қарлығаш ӘБДІШЕВА ойыншықтар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар сауалымызға жауап берген еді.

– Қарлығаш Түйтеқызы, талапқа сай келмеген ойыншықтар жайлы айтып беріңізші. Сараптаманы қалай жүргізесіздер? Жалпы, ойыншықтар қалай тексеріледі?

– Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті шаһар бойынша сатылымдағы ойыншықтарды зертханалық зерттеу көрсеткіштеріне бақылауға сатып алады да, зерттейді. Сол зерттеу нәтижелері бойынша, біз ары қарай сауда орындарына және тасымалдаушыларға шара қолданамыз. Биыл, яғни 2018 жылдың аяғында 173 ойыншық үлгісін сатып алып, зерттедік. Соның 50 пайызы, яғни 88 үлгісі техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді. Сәйкес келмеген ойыншықтардың 85 пайызы таңбалану бойынша сай келмеді, яғни өнімдердің сыртында ойыншық туралы ешқандай ақпарат болмаған. Ал қалған 15 пайызы органолептикалық көрсеткіш бойынша жарамсыз болып қалды, яғни ойыншықтың иісі шектеулі нормадан артық болып жатты. Осы сәйкес емес ойыншықтардың 97 пайызы – Қытай мемлекетінің өндірушілерімен шығарылған ойыншықтар. Бірақ ол ойыншықтардың таңбалануында қандай тауар фирмасы шығарғаны туралы қандай ақпарат болмаған. Тек мемлекеттің аты ғана жазылған. Аудармасы немес ойыншық туралы қандай да бір ақпарат болмады.

– Ал талапқа сай келмейтін ойыншықтардың бала денсаулығына қаншалықты зияны бар? Осыған тоқталсаңыз.

– Ондай ойыншықтардың бала денсаулығына қауіп төндіретін органолептикалық көрсеткіші бойынша иісінің артық шектеулі нормадан артық болуы байқалды. Иісі болғандықтан, оның ішінде, Қытай ойыншықтарында формальдегид, стирол, фенол сияқты көптеген химиялық заттардың шектеулі нормадан артық болып жататыны жиі кездеседі. Яғни, ол заттардың артық болуы балалардың денсаулығына өте зиянды. Өйткені, олар аллергиялық реакциялар беруі, басқа да ауруға шалдықтыруы мүмкін.

– Қарлығаш Жаңа жылға дейін санаулы күндер қалды. Жалпы, балаларға ойыншықты қалай таңдау керек?

– Әрбір тұтынушы, әрбір ата-ана өзінің баласына ойыншықты тиянақты түрде таңдауы керек. Ойыншықтың бүкіл сыртқы түріне мән беруі қажет. Оның әрбір жеке бөлшектерін тартып, ұстап көруі керек. Міндетті түрде ойыншықтың орауышы, яғни қаптамасы болуы тиіс. Сондықтан сыртқы түріне, таңбалануына қарау керек. Әрбір тұтынушы ойыншық сатып алғанда оның сапасын растайтын құжат сертификатын сұрауы қажет. Сертификаты жоқ ойыншықтар сапасыз болып келеді.

– Ақпаратыңызға рахмет.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров