Универсиадаға салынған нысандар туризмнің дамуына септеспек

Универсиадаға салынған нысандар туризмнің дамуына септеспек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда туризмді дамытып, қала экономикасын көтеруге барлық мүмкіндік бар. Қаланың табиғаты мен орналасу климаты өте қолайлы. Соған қарамастан Алматыда туризм саласында тек 2,5 пайыз адам жұмыс жасайтын көрінеді. Ал, Қазақстанға келетін әрбір екінші шетелдік турист алып шаһарға ат басын тірейді. Бұған қоса, қала әкімі Универсиадаға салынған нысандар да туризмнің дамуына септесетінін қадап айтты. Өйткені, кешендерде әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, шеттен келетін меймандар көбейе түспек.


«Біз Универсиаданы өткізетінімізді жариялағанымызда көптеген адамдар бұл қаржыны бекерге далаға шашу деп сын айтты. Бірақ дүбірлі дода абыроймен өткенде көпшілігі бұл пікірдің қате екенін түсінді. Универсиаданың арқасында бізге тамаша нысандар мұраға қалды. Соның арқасында спортпен айналыстын адамдардың, өскелең ұрпақтың қатары көбейеді. Әрі, осы нысандарда өтетін жарыстарға шетелдіктер келеді. Бұл да туризмді дамытады. Мәселен, Универсида кезінде «Шымбұлақ» шатқалына 429 мың адам барыпты. Ал, шаңғышылардың саны 119 мыңнан асқан. Бұл үлкен жетістік», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.


Қала әкімі бұған қоса, Алматының мың жылдығы, Универсиада және алда өтетін EXPO көрмесі алып шаһардың әлемдегі танымалдылығын арттырғаннын атап өтті. Осы ретте Бауыржан Байбек Алматыда тау туризмін әрмен қарай жетілдіру үшін ауқымды жұмыстар атқару керектігін жеткізді. Мәселен, жағажайға демалуға барған турист орта есеппен 50 долларын жұмсаса, тауға тынығуға келген адам 5 есе көп, яғни ең кемі 250 долларын жұмсайды екен. Сондықтан әкім «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты мен «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінен бөлек өзге де көрікті демалыс орындарын жандандыруға инвестиция салуға кеңес берді. Айта кетейік, әкімнің есептік кездесуі барлық әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілді. Қала басшысы 30-дан астам тұрғындар сауалына жауап берді.


Новости партнеров