Алматылық аспаздар алма тағамдарын жасаудан сайысқа түсті

13.09.2018 20:30

Алматыдағы мейрамханалар арасында «Ең үздік алма ас мәзірі» атты  байқау басталды. Ерекше конкурста бақ сынауға қаладағы 50-ге жуық мейрамхана өкілдері қатысты. Он саусағынан бал тамған аспаздар өзіндік құпияларымен бөлісіп, бүгінгі байқауға арнайы жасаған ерекше тағамдарымен көпті тәнті етті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар тек алмадан жасалған ас мәзірін ұсынуы тиіс. Яғни қазылар алқасы, «Ең үздік алма қосылған тағам», «Ең үздік алма сусыны», «Ең үздік алма салаты» және «Ең үздік алма десертін» анықтайды. Дегенмен, дегустаторларға бірінен бірі асқан, дәмі тіл үйірер тағамдарды таңдау қиынға соғары анық.  

«Ақтық кезеңге ең үздік деген 25 қатысушы іріктеліп алынады. Ал, жеңімпаздардың есімдері 16 қыркүйекте «Қала күні» мерекесін тойлау кезінде белгілі болады. Ұйымдастырушылар тарапынан байқауда көш бастағандарға өте жақсы сый беріледі. Медиабордтарда 1 жыл бойы мейрамхананың жарнамасын тегін жүргіземіз және «ең үздік шеф-аспазды» кәсіби біліктілігін арттыру үшін Мәскеуге жібереміз», – Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Динара САПАҚОВА.

Байқаудың мақсаты - Алматы қаласының мәртебесін, алмалар қаласы ретінде сақтау, әрі дәріптеу. Сондықтан, бұдан былай қаланың кафе-мейрамхаларында арнайы «алма ас мәзірі» пайда болады. Ал, қала тұрғындары шаһардағы ең озық шеф-аспаздар әзірлеген жаңа тағамдардың дәмін Алматының туған күнінде тата алады.

«Қазір бізде Қала күніне арналған мәзір бар, барлық тағам алмадан жасалған. Бүгін лимонад және тәтті тағам ұсынылды. Қабат-қабат қамырдан жасалып, ішіне алма қосылған тағамды, яғни өзіміздің алматылық алма қосылған тәтті тоқбасарды ұсынып отырмыз», – деді байқауға қатысушы мейрамхана директоры Аяна КЕНЖЕБАЙ.