Алматылық тіл білімінің мамандары латын қарпіне көшудің қыр-сырын онлайн режимде түсіндіреді

Алматылық тіл білімінің мамандары латын қарпіне көшудің қыр-сырын онлайн режимде түсіндіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық тіл білімінің мамандары қазақстандықтарға латын қарпіне көшудің қыр-сырын онлайн режимде түсіндіреді. Ғаламтор арқылы ғылыми кеңес беретін әдістемелік кабинет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының базасында құрылмақ. Мамандар бейнеконференция өткізетін жүйені қазір пысықтап жатыр. Жоспар бойынша латын әліпбиін үйрететін жүйе алдағы 2 айда қосылады. Филологтардың айтуынша, латын қарпіне көшу еш қиындық туғызбайды. Өйткені, мамандар бұл мәселені ұзақ жылдар бойы талқылап, латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын жасап үлгерген. Соның тек ең тиімдісін бекіту ғана қалыпты. Латын әліпбиінің нұсқасын дайындауға 250-ден астам сарапшылар қатысқан. Осы орайда, көптеген ғылыми еңбектер де жарық көрген.

«Мамандар дайын, бұл жерде ешқандай қиындық та жоқ. Ешқандай көп шығынның да қажеті жоқ. Өйткені, бастапқы этапта 2 алфавит қатар жүреді Елбасы мақаласында жазғандай. Жастайынан бастап балалар мұны меңгереді. Қызықты әдебиеттер, сөздіктер шығарыла бастайды. Оны жасауға тіл білім институттың әдіскер ғалымдар көмектеседі», - деді А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕК.

Қазақ тілін латын қарпіне көшіру мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласындағы өзге де тұстары Алматыда дөңгелек үстелде талқыланды. Оған зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар, жазушылар мен тарихшылар қатысты. Олар мақаладағы көрсетілген жобаларды уақытылы орындау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ олар жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлайды.

«Шетелде 5 млн-нан астам қазақтарымыз тұрып жатыр. Біз 3 алфавитте жүрміз. Біз кириллицадамыз, Қытайдағы қазақтар төте жазуменен, ал мына өзбектер, қырғыздар, Түркиядағы қазақтар баяғыда латынға көшіп кетті. Бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, түсініскенмен оқу-сызуда түсінбейтін жағдай бар. Сондықтан жастарға біз осы мәселелерді дұрыс түсіндіріп, барлық бағыт-бағдарын айқындап, қолдан келген жағдайын жасап іске асыруымыз керек», - деді Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат МАМАШЕВ.



Новости партнеров