Бәсекелестік пе, әлде алаяқтық па? Алматылықтарды жаңа қызмет түрін пайдалануға міндеттеуде. "Алматы су" каналы мекемесінің атын жамылып хабарласып, тұрғындарға су есептеу құралдарын алмастыру қажеттігін хабарлаған. Әріптесім Перизат Көмекбайқызы мамандардың негізінде қай жерде қызмет ететінін анықтап көрді.
Су есептеуіш құралыңызды алмастыру керек. Өздерін алматы су компаниясының қызметкерімін деп таныстырғандар, әңгімесін осылай бастаған. Жалған мамандардың құрығына түсудің аз-ақ алдында қалғандардың бірі Софья Лазгиева.
«Қызмет көрсету ақысын сұрағанымда, есептеуіш құралды алмастыру 6500 теңге тұратынын айтты. Сондай-ақ қондырғыны орнатуды тек өздері жүзеге асыратынын айтты. Содан кейін, мен күмәндана бастадым. Алматы су компаниясына хабарласып, мән-жайды анықтауға тырыстым»,- деді Қала тұрғыны, Софья ЛАЗГИЕВА.
Тұрғынның күдігі расталды. Қоңыраулар расымен Алматы су холдингісінен шалынбаған. Мамандар есептеу құралдарын тексеруді осы жылдың шілде айына жоспарлапты. Ал, қондырғыны жаңартамын деушілер тек Софья Лазгиеваға ғана емес, бірнеше тұтынушыға қызметін ұсынып үлгерген.
«Сумен қамту мекемесі, яғни халық аузында жүрген су каналы ешқашанда тұрғындарға есептеу құрылғысының уақыты таусылғаны туралы ақпаратты телефон арқылы хабарламаған және болашақта хабарлау жоспарда жоқ»,- деді «Алматы су холдингі» МКК инженері, Олжас ЖҰМАҒҰЛОВ.
Су есептеу құралдарының қызмет көрсету уақыты 15 жыл. Оларды тексеру 5 жыл сайын іске асырылады. Сантехник су каналының мөрі басылған акт және өз құжаттарын көрсетуі тиіс дейді холдинг қызметкерлері.
Тұрғындарды алдаған компания директорымен сұхбаттасуға мүмкіндік алдық. Дегенмен, ол бұл жайттан хабарым жоқ деп ақталды.
«Мен екі апта қалада болған жоқпын. Бұл уақытта қызметкерлерім не істегінін білмеймін. Алайда, мен қалалық су каналы атынан хабарласпасын деп ескерткенмін»,- деді «Экспостройсервис» ЖШС директоры, Мақсат АРҒЫМБАЕВ.
Алматыда жеке есептеу құралдарын алмастыру және орнатумен айналысатын 30 компания бар. Бәсеке жоғары. Сондықтан, мамандар өз тауарын өткізу үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасап бағуда.
Перизат Көмекбайқызы, Рашит Ильясов, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы