Алматы облысында тағы да ұшақ құлады. Оқиға Балқаш ауданында орын алды. Әуе көлігінде 2 адам болған. 63 жастағы пилот Анатолий Меньшиков оқиға орнында қаза тапты. Ал қасындағы жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетілуде. МAULE М-7-260С ұшағы «Олжа бастау» компаниясына тиесілі екен. Ұшақтың құлау себебі анықталып жатыр. Еске салайын, бұл осымен соңғы 2 айдың ішінде құлаған 3-ші ұшақ болып отыр. Әуелде, Жаркенттен 10 шақырым жерде «Казавиа» әуе компаниясына тиесілі ЯК12 ұшағы құлаған болатын. Салдарынан 2 адам қаза тапты. Олар авиахимиялық жұмыстар жүргiзуге шыққан болатын. Ізін ала, Үшқоңыр ауылы маңында да ұшақ апатқа ұшыраған еді. Кенеттен төменге құлдилаған әуе кемесі де түгі қалмай өртеніп кетті. Салдарынан тізгінде отырған ұшқыш пен жас курсант қаза тапты. Олар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін әуеге көтерілген еді.