«Алматы» телеарнасының төрт қызметкері мерекелік медальмен марапатталды

20.03.2018 04:34

«Алматы» телеарнасының төрт қызметкері мерекелік медальмен марапатталды.  Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына орай, арна ардагерлеріне осылай құрмет көрсетті. Машақаты мол саланың кемелденуіне, оның құлаштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан мамандар  әлі де тың. Олар кейінгі буынға бар білгендерін үйретіп, жас журналистердің шыңдалуына ат салысып жүр. ¤

Борис Ушаков - арна ардагерлерінің бірі. Отандық телевизия саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан асқан. Қарттық келді деп, қол қусырып қарап отқан жоқ. Жылжымалы телестансаны басқарады. Эфирдің мінсіз өтуіне бірден бір жауапты маман осы. Атанға артылар жүкті арқалаған жанның еңбегі еленді бүгін.     

«Қазір компьютерлік технологияның заманы. Барлығы цифрлық форматқа көшірілген. Меніңше, техниканы тым күрделі сала деп санау ағаттық. Іске бейім, сертіне адал жан ғана қызметінде табысты болады. Біз Қазақстанда тұңғыш түсірілген «Тоғысқан тағдырлар» деген телехикаяның да, «Азия дауысы» халықаралық ән байқауның да түсіріліміне қатыстық. Мұның барлығы қазір отандық телевизияның тарихында қалды», - деді «Алматы» телеарнасы жтс бөлімінің басшысы Борис УШАКОВ.

Тарихты таңбалауға ат салысқандардың қатарында Александр Шабанов та бар. Жылжымалы телестанса маманы - жұмысынан еш уақытта тартынған да, қажыған да емес. Қайта, қызметіне қай кезде де құшырлана кіріседі. Өйткені, телевизия - түбі жоқ тұңғиық іспетті.    

«Мен 34 жылдан бері жылжымалы телестансада жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында талай шараға куә болдым. Мемлекет үшін маңызы бар сондай жиындарды таспаға түсіру - мен үшін бақыт. Өйткені, ол біздің елдің тарихы. Қазір сол таспалар мұрағаттарда көздің қарашығындай сақтаулы тұр», - деді «Алматы» телеарнасының ЖТС маманы Александр ШАБАНОВ.

Алпыс жылда қазақ телевизиясы тастүлектей түледі. Қияға қанат қақты, самғау биікке көтеріліп, иін тірестірді. Осының барлығына Рита Жүгінісова куә. Отандық арналарда ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан белді маман - өткеннен тәлім алуды құп көреді. Өйткені, бұрынғысын білмей, болашаққа беттеу - мүмкін емес дейді.    

«Телевидение - менің махаббатым, өмірімнің бір бөлшегі. Осы саланың дамуы үшін барымды салдым. Аянбай еңбек еттік, қазір соның қызығын көріп отырмыз. Қазақ телевизиясы ауыртпалықты сезінбесе, жұпыны техниканы көрмесе - қазіргідей кемелденбес еді. Сондықтан біз өткенді ұмытпауымыз керек», - деді  «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Рита ЖҮГІНІСОВА.

 Рита Жүгінісова осыған дейін «КТК» және «Хабар» телеарналарында жұмыс істеген. Бірнеше авторлық бағдарлама әзірлеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Қорытынды жаңалықтарды да жүргізді. Ілкімді жобаларға жетекшілік етті. Осылайша, отандық телевизияда өзіндік қолтаңбасын қалдырды.   

Телевизия тарландарына табысталған мерекелік медаль - табанды еңбектің, қажымас қайраттың белгісі деп біледі ардагерлер. Олар қазақ журналистикасының адамы әлі де алшаңдай түсеріне кәміл сенеді. Талапты, табанды жастар барда, оларға ұлағат берер ұстаздар барда - саф өнердің сарғайып қалмасы сөзсіз.


Дастан Сейілханұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы