Алматы тұрғыны электробайк ойлап тапты

 Алматы тұрғыны электробайк ойлап тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық өнертапқыш жеңіл, жиналмалы және тез қуатталатын электробайк ойлап тапты. Қоғамдық көліктің жаңа түрін әсіресе қала ішінде өзіңмен тасу ыңғайлы,  дейді құрастырушы. Ал бағасы шетелде шығарылатын түрлеріне қарағанда анағұрлым арзан. Оның үстіне бұзыла қалса жөнделуі де оңай. Автор енді өтімділігі жоғары болады деп күтілген жұмысын нарыққа сату үшін инвесторлар іздейді. 

Өнертапқыш Ерлан Әлімхановтың электробайкы бар болғаны 15 бөлшектен тұрады. Ол сәтті тест драйвтан кейін оны бояуға кіріскен. Құрастырушы бұл қоғамдық көліктің жаңа түрін бар болғаны 2 айдың ішінде ойлап тауып, жасап шығыпты. Енді көптің көңілінен шықса нарыққа шығаруға ниетті.

«Жиналған байкты жеңілдету үшін дөңгелектің диаметрін барынша кішірейте беруге болады. Менің ойлап тапқан электробайкымның ерекшелігі, өте жинақы болғандықтан автобустың ішінде де тасымалдауға болады. Үстіңгі жағы жеңіл материалдан жасалады. Оны ұстауға да ыңғайлы, қоғамдық көлікте ешкімге кедергі келтірмейді», -деді ¤инженер-дизайнер Ерлан ӘЛІМХАНОВ

Электробайктағы 4 батарея 35 шақырымдық жолды бағындыруға мүмкіндік береді. Ал  оны қуаттауға бар болғаны 4 сағат жеткілікті. Жол жөнекей байктың қуаты таусылса, оны бірден жинап қолда ұстап жүруге болады. Көлік құралы әп- сәтте кішігірім жиналмалы дөңгелегі бар чемоданға айналады, дейді өнертапқыш. Ол жобасын жүзеге асыру үшін қолдау көрсететін кәсіпкерлер іздейді.

«Бірнеше фирма менің ойлап тапқанымды жүзеге асыруға ниетті. Жақында стартаптар жарысына қатысып, сонда инновациялық жобалармен айналысатын компания бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Маған сонда да инвесторлар қажет. Сонда отандық электробайкты жасап шығаруға үлкен мүмкіндік туар еді»,-деді  ¤инженер-дизайнер Ерлан ӘЛІМХАНОВ

Құрастырушы бұл инновациялық туынды көлікті алмастыра алады дейді. Оған қоса, қаладағы көлік кептелісінен оңай құтылып, қоршаған ортаға зиян тигізбеудің ең тиімді жолы деп отыр.


Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров