Алматы зообағынан 32 млн теңгені ұрлады деп айыпталған есепші сотта жауап берді

02.11.2017 21:59

Алматы зообағынан 32 млн теңгені ұрлады деп айыпталған есепші сотта жауап берді. Сонымен бірге, бас бухгалтер және бірнеше есепші сұралды. Басты айыпталушы Марина Назарова кінәсін мойындамай отыр. Сөзінше, билеттен түскен пайданы көрсететін бағдарламаның құпия сөзі тек екі жарым аптаға уақытша ғана беріліпті. Яғни, өткен жылдың шілде айында бас есепші Әлия Қайырбекова еңбек демалысына шыққандықтан, сол кездегі бас директор Қанат Кәрімовтың рұқсатымен беріп кеткен екен. Сондықтан, артылған кінәні көтермеймін деп отыр. Қомақты қаржыны қолды қылды деген айыпқа іліккен Марина Назарова хайуанаттар бағында 1 жыл 2 ай жұмыс істеген. Айта кетейік, бұл оның есепші ретінде істеген алғашқы жұмыс орны.

«Маған берілген мүліктердің барлығын тапсырдым. Жұмыстан кетерде ешқандай қателік болмаған еді. Еңбек кітапшама да қол қойып берді. Мұндай ауыр кінәнің неге маған артылып жатқанын білмеймін. Кімнің кінәлі екенін білмеймін. Ешқандай кінәм жоқ»,- деді Марина НАЗАРОВА.

Зооабақтың кассасында билеттен түскен пайданың есебін шығаратын «Девпарк» пен келушілерге билет беретін «Арм кассир» атты бағдарламар орнатылған. Берген жауаптарынан шатасып, судья мен прокурордың бастарын әбден қатырған есепшілер сот отырысында әр түрлі пікір айтты. Бірі құпия сөзді хайуанаттар бағының басшысы, бас есепші мен Марина Назарова білді десе, енді бірі бұған кереғар ойларын білдірді. Жалпы істе 16 рулон шамамен 34 мың билет жеткіліксіз екендігі анықталды. Сотта төбе көрсеткен бас есепші Әлия Қайырбекованың сөзінше, бағдарламаға орнатылған құпия сөз 3 рет өзгертілген. Соңғы рет желтоқсан айында жаңа басшы Ержан Еркінбеков келгенде өзгертіліпті.

Есептен шыққан 223 рулонды есептегенде, мысалы бір рулонда шамамен 1920 билет бар. Сол кезде 423 мың билет шықты. Бірақ өткен келушілерге қарасақ, онда тек 390 мыңды көрсетіп тұр. Сонда осы жетіспеушілік шығады. Бұл жаңағы айтқанымдай, 34 мың билет",- деді Алматы зообағының бас есепшісі, Әлия ҚАЙЫРБЕКОВА. 

Айта кетейін, сот отырысы барысында есепшілердің зообақ кассасына сәуір және шілде айларында жалпы саны 314 рулон билетке тапсырыс бергендігі белгілі болды. Есепші Светлана Фединаның айтуынша, былтыр қазан айында хайуанаттар бағында неге екендігі белгісіз іске жарамайды деп 223 рулон билет есептен шығарылған. Есепшілер былтыр зообаққа 472 мыңнан аса адам келсе, биыл көрсеткіш 600 мыңнан асып түсті деп отыр.


Теги: касса