Алматыда 2000-нан астам бала неврологиялық сырқатпен ауырады

30.06.2017 19:43


Алматыда 2000-нан астам бала неврологиялық сырқатпен ауырады. Бұл туралы Орта-Азия елдерінің балалар неврологтары жиналған 8-ші конференциясында айтылды. Франция, Ресей, Германия, Өзбекстан елдерінен келген неврологтар мен отандық дәрігерлер жеткіншектердің жүйке жүйесіндегі ауытқуларды нақтылаудың тәсілдерімен өзара тәжірибе алмасты. Әлемдік неврология саласының білікті мамандары талма ауруын нәресте кезінен анықтау әдісімен бөлісті. Көбіне өскіндер талма аурумен және жүйке-бұлшықеттік сырқаттармен ауыратын көрінеді. Мамандардың сөзінше, бұл аурулардың емін нақты анықтау үшін генетикалық зерттеулер жасау қажет. Ал ол зерттеуді жүргізу біздің елде кенже қалғанға ұқсайды.

«Біз тәжірибе алмасу барысында 30-ға жуық баланы қарап шықтық. Соның ішіндегі 25 пайызынан талма ауруы диагнозын алып тастадық. Яғни, олар бұл сырқатпен ауырмаған және олар басқа генетикалық аурудың белгілері болғанын анықтадық. Бізде кейде балаларға диагноз дұрыс қойылмай қалады. Еліміздегі балалардың төрттен бір бөлігі неврологиялық сырқаттармен ауырады және бұның жыл сайын артып келе жатқанын байқаймыз»,- деді «Балалар неврологтары қауымдастығының» президенті, Маржан ЛЕПЕСОВА.

«Мен мұндағы әріптестеріме өз білген-көргенімді көрсеттім. Бірақ соншалық айырмашылықты байқамадым. Сіздерде де біздің елдегідей емдеу тәсілдерін қолданады екен. Десе де мен үшін, мұндағы ата-аналардың дәрігерлерге баласының қалай талып қалатыны жазылған бейнежазбаны көрсетуі өте қызық көрінді. Бұл шынымен диагнозды дұрыс қоюға әжептәуір пайдасын келтіреді»,- деді Эпилептолог (Франция), Оливер ДЮЛАК.