Алматыда автобус пен жүк көлігі соқтығысты

10.10.2017 23:29

Алматыда автобуспен жүк көлігі соқтығысты. Қоғамдық көлік жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. 5 жолаушы ауруханаға жеткізіліпті. Ал, жүк көлігінің тізгіншісі медиктердің көмегіне жүгінбеген. Науқастар тексерілгеннен кейін екеуі амбулаторлық ем қабылдауға жіберілген, қалған үшеуі алған жарақаттарының ауырлығына байланысты алматы қалалық №4-ші ауруханада емделеді. Қазір 23 жастағы науқасқа ота жасалыпты.

¤«Алғашқы көмек көрсетілді. Жарасы өңделді. Балтыр сүйектерінің сынығына сыртқы фиксация аппараты салынды. Қазір жағдайы орта халде. Есі анық. Жағдайы тұрақты деп санаймыз», - деді  Алматы қалалық №4 ауруханасы, қосарланған жарақат бөлімінің меңгерушісі Дәурен ТҮСІПОВ.

¤104-ші автобус «Олжас ЛТД» паркіне тиесілі екен. Тізгінде 1994-ші жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы отырған. Қазір жол апатына байланысты сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. 

«Қайтыс болған жүргізушіге 500 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болады. Сонымен қатар, мүрдесін «Олжас ЛТД» автобус паркі туған жеріне жеткізіп береді. Зардап шеккен жолаушыларға да аталған компания материалдық көмек көрсетеді», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бекзат БЕКЕШОВ.