Алматыда Батырхан Шүкеновтің атына көше берілмек

16.05.2018 14:47

Алматыда Алатау мен Бостандық аудандарында біраз көшелердің атаулары өзгеруі мүмкін. Әсіресе, көп қайталанатын көше есімдерінің орнына Әбіш Кекілбаев, Еркеғали Рахмадиев, Батырхан Шүкенов, Фариза Оңғарсынова, Мөңке Би секілді тұлғалардың есімі берілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы Республикалық ономастика комиссиясына жолдамақ. Сонымен қатар, жер-су атауларын да қаладағы көшелерге беру қарастырылып отыр.

«Осы ұсынылып отырған тұлғалар комиссияның отырысында бірауыздан қолдайды деген сенімдеміз. Негізінен қазіргі таңда бізде басым атауды тарихи жер-су атаулары мен халыққа жақын дәстүрлі атаулар ұсыну арнайы тапсырма бар, соның негізінде біз көбінесе жер-су атауларды қайта жаңғырту, дәстүрлі атауларды ұсынғанбыз», -деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген ҚУАТБАЙҰЛЫ.