Құзырлылар құлықсыз ба? Ұрлықшылар әккі ме? Алматыда пәтер тонаушылардың саны тым жиілеп кетті. Былтырдың өзінде қала бойынша ұрлықпен айналысқан 410 қылмыстық топ ұсталған. Оның басым бөлігі өзге қалалардан келген азаматтар көрінеді. Ал Алматы полицейлері пәтер тонаушыларды әлі таба алған жоқ. Тіпті, бейнебақылауға жазылған видеоны сұрағанымызда өшіп қалған депті.
Таир Жұмаділұлы 25 сәуірде кешкі 8-дер шамасында үйінен отбасымен бірге шығып кетеді. Бір сағат болар болмас уақытта пәтерінің астаң-кестеңі шығып жатқанын көріп зәресі қалмапты. Алайда ол үйге ұры түскенін лезде түсінгенін айтады.
«Кешкі 8-ден 9 жарым шамасына дейін үйімнің мына есігін біреулер бұзып, ішке кірген. Олар жаңадан сатып алған ноутбукты, алтын әшекей бұйымдарды қолды қылыпты. Санасақ, ол шамамен - 700-800 мың теңгедей болады. Қазір құлыпты ауыстырдық, енді дабыл жүйесін орнатсақ деп отырмыз», - деді қала тұрғыны Таир СҮЛЕЙМЕНОВ.
Қызығы, ұрлық болған сәт қабырғада ілініп тұрған бейнебақылау жүйесіне түспей қалған. Ал камера иелері мұны электр энергиясының ауытқуымен түсіндіріпті. Қазірдің өзінде бейнекамераның жұмыс істеп тұрғанын байқау қиын.
Енді бейнекамера кенет істемей қалғандықтан, қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып тұрған көрінеді. Қазір полиция қызметкерлері пәтерді тонағандарды таба алмай әлек. Жақын арада оларды міндетті түрде ұстаймыз деп жәбірленушілерді жұбатып отыр.
«Бостандық ауданында орын алған болатын. Розыбакиев көшелерінің біріне үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, ұрылар кіріп, жеке мүліктерін қолды қылған. Қазіргі таңда шекаралас көшелерде және аулаларда бейнекамералардың барлық мәліметтері жіті талдануда», - деді ІІД Ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Ал бұл қаладағы Әуезов ауданында орын алған дәл сондай жағдай. Мына бейнесуретті зардап шеккен тұрғын фотоаппаратына түсіріп алыпты. Алайда оның бейнекамераға түсірілгенін анық байқауға болады. Мән-жайды анықтау үшін біз Ішкі істер департаментінне жүгінген болатынбыз. Бірақ елге анық ақпарат беру үшін орган тарапынан видеожазбаны алу мүмкін болмады. Әу баста, ертең береміз деген департамент қызметкерлері, бүгін жазбаны өшіп қалыпты деп айды аспаннан бірақ шығарды. Ішкі істер департаментінің айтуынша, Жетісу ықшам ауданында байқалған ұрыларды тұрғындардың өзі түсіріп алған. Алайда, тұрғындар көрген ұрыны пагон таққандар әлі ұстаған жоқ.
Назкен Байтілес, Валерий Таубалиев, «Алматы» телеарнасы