Алматыда деструктивті діни ағымда болған 244 адам райынан қайтарылған

11.04.2018 16:28

¤Өткен жылы Алматыда деструктивті діни ағымда болған 244 адам райынан қайтарылған. Қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбековтың айтуынша, Алматыдағы діни ахуал қазір тұрақты. Дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы едәуір азайып, халық оның адасу жолы екенін түсіне бастаған. Сонымен қатар, басқарма басшысы мұндай теріс ағымдардың жетегіне кеткендер қылмыстық түзеу орындарында да кездесетінін мәлімдеді. Алматы аумағында орналасқан түрмелерде 28 адам осындай бағытты ұстанып келген. Қазір олармен мамандар жұмыс жасап жатыр.

«Белгілі бір топтардың әрекеттері, білесіздер тыйым салынған. Жетекшілері бойынша біз әкімшілік хаттамалар толтырып, қазір жауапқа тартып жатырмыз. Өткен жылы бізде 36 осындай әкімшілік хаттама толтырылып, дін саласындағы заңнаманы бұзған бойынша, соттың шешімімен айыппұлдар салынды. Заң тұрғысынан біз дін саласындағы заңды бұзған азаматтар үшін жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз. Ол болмаса да бұл саладағы мәселені үйлестіру, әрине, қиын болары анық», - деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар ЕСЕНБЕКОВ.

Толтырылған әкімшілік хаттамалардың арқасында жалпы сомасы 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Оның ішінде діни мазмұндағы әдебиеттерді тарату бойынша -14; діни рәсімдерді белгіленген орындардан тыс өткізу бойынша – 6; рұқсатсыз миссионерлік қызметті жүргізген -12; діни рәсімдерге кәмелет жасқа толмағандардың қатысуы бойынша - 4 дерек тіркелген.