Алматыда қазақ өнерінің майталманы Фарида Шәріповаға мемориалдық тақта ашылды. Қазақ өнерінің ізгілері Фарида апайдың ұлт мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегін жастарға үлгі етті.
Мемориалды тақта әйгілі актрисаның өзі тұрған үйіне орнатылды. Бүкіл ғұмырын театр және кино саласына арнаған әртіс 1936 жылы 16 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді сомдап, ерекше өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралады.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында үздіксіз өнер көрсетті. Қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларының, сондай-ақ, осы заманғы қойылымдардың басты рөлдерін сахнада шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты.
«Фариданың аналық қасиеті болсын, адамгершілік қасиеті болсын, қай қасиетін айтсаң да, өзгелерді тәнті ететіндей ерекше еді. Ырыс ағамның (Ыдырыс Ноғайбаев, – еск.) жолдасы боле білген Фарида өте бақытты адам. КСРО халық әртісі деген үлкен бағалау алған. Отбасымызбен араласқан, балаларымыз бірге өскен досымыз, жанашырымыз еді», – деді Қазақстанның халық әртісі Торғын ТАСЫБЕКОВА.
Қазақ КСР-нің және КСРО халық әртісі атанған Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов сынды әйгілі режиссерлер түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да сіңірген еңбегі зор. Қыз Жібек киносында Жібектің, ал «Менің атым Қожада» Қожаның дауысын салған да Фарида Шәріпова еді.
«Фарида апаны мен бала күнімізден, Хасен мен Жәмиләні ойнап жүрген кезінен білем. Сол кезде қандай актриса екен деп ойлайтынмын. Әуезов театрын аспанға көтере шарықтатқан кезінен білем. Бұл кісіні кейінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Қыз Жібек киносындағы Жібектің дауысы анығында, Фарида Шәріпованың дауысы. Қожаның да дауысы осы Фарида апамыздың даусымен жазылған еді. Содан-ақ актрисаның қандай талант болғанын білуге болады», – деп пікір білдірді ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза ӘБДІНӘБИЕВА.