Алматыда із-түссіз жоғалған бала бес күннен бері іздестіріліп жатыр

22.05.2018 15:17

Алматыда 100-ден астам полицей із-түссіз жоғалған баланы осымен бесінші күн қатарынан іздестіріп жатыр. 4 жасар Арсен Көмеков өткен бейсенбіде «Шаңырақ-2» ықшамауданынан жоғалып кеткен. Бүлдіршінді туыстары ойнауға шығарып, қараусыз қалдырған.

«Кім болса да әкеліп беріңіздерші. Бір ауыз сөз айтпаймыз, милицияға да бермейміз. Үстіңізден арыз да жазбаймыз», - деді А. Көмековтың әжесі Зәуре СЕПБОСЫНОВА.

4 жасар Арсеннің жалғыз суретін құшақтап бармаған жер, баспаған тауы қалмаған туыстарының жанайқайы бұл. Бүлдіршін бір сәтте жоғалып кетеді деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. 17 мамырда үй қақпасының алдында ойнап жүрген балғынға бір сәт көңіл бөлмей, үй шаруасынан қолдары тимеген.

Кішкентай Арсенді туыстары соңғы рет түс ауа үй алдында балалармен ойнап жүрген жерінен көріпті. Алайда, баланың жоғалғанын тек қас қарайғанда, кешкі 7-лерде бірақ білген. Осылайша, туыстары жақын маңдағы көршілерінің барлығын аралап, баланы өз беттерінше іздеуге тырысқан. Бірақ нәтиже шықпапты. Кейін полицияға хабар берген.

Арсенді іздеуге 120-дан астам полицей жұмылдырылған. Бұған қоса, кинологтар мен Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлерінен шұғыл түрде іздеу тобы құрылды. Олар бала жоғалған «Шаңырақ» ықшамауданын түгелдей шарлап, тұрғындардан сұрау салыпты. Тіпті, 26 мың үйге бас сұғып, қауіпті деген жерлердің барлығын тексерген. Сай-сала мен өзен жағалауын да түгелдей сүзіп шығыпты.

«18 мыңға жуық сол жердің тұрғындары сұрастырылып, бір азаматша 8-дер шамасында шағын маркет дүкенінің айналасында жылап тұрған жалғыз баланы көрдім дейді. Бірақ оған ешбір назар аударған жоқпын деп айтуда. Қазіргі таңда «Шаңырақ» ықшамауданына шекаралас басқа да ықшамаудандар тексеруге алынды. Бейнекамералардың жазбалары да толығымен талданып жатыр», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Бес күннен бері тек 1 адамның ғана көзіне түскен баланы туыстары біреулер қасақана қолда ұстап отыруы мүмкін деп болжам жасады. Алайда, көршілері бұлдіршіннің жоғалуы ересектердің немқұрайлығынан деп отыр. Айтуларынша, бала үнемі қараусыз жүреді екен. Анасы жұмыста болғанда, кішкентай Арсен туыс әпкесінің қолында қалатын көрінеді.

«Ол бала ылғи осында жүретін, негізі қараусыз жүреді. Ылғи жалғыз жүреді бала. Жуындырмайды, жақсы киіндірмейді баланы. Осы жерде ойнап жүретін көбінесе балалармен біздің. Мен дәл сол күні көргем баланы. Осында ойнап отырғанын», - деді көршісі Бақытгүл ЖАНҰЗАҚОВА.

Қазір Арсеннің суреті әлеуметтік желілер мен жергілікті басылымдарға жарияланды. Балғынды іздестіруге еріктілер де атсалысуда. Ал полицейлер балаға қатысты қандай да мәлімет болса, дереу Алатау ауданының Ішкі істер басқармасына хабар беруін сұрап отыр. Егер алдағы күндері Арсеннен мүлдем-хабар ошар болмаса, бүлдіршінді қаланың барлық бөлігі мен Алматы облысынан да іздестіру жоспарланып отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Қндақбаев, «Алматы» телеарнасы