Алматыда қарттарға арналған 40 әлеуметтік клуб ашылмақ

14.04.2018 17:17

Алматылық қарттар киелі жерлерді араламақ. Тіптен, Медеу ауданының бір топ зейнеткерлері демеушілердің арқасында Шарын шатқалын шарлап қайтқан. Ал Әуезов ауданының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары Астананың 20 жылдығының құрметіне концерт өткізбек. Алматылық қарттар өздеріне арнап ашылатын әлеуметтік 40 клубты тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені «Белсенді ұзақ өмір» атты жол картасының жобасы аясында  ашылатын орталықтар зейнеткерлерді зеріктірмей, көмекке зәру жандарға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Тыл ардагері Күлбадан апа әліде тың. Сексенге жақындап қалған қарт ана қарап отырмай, замандастарына көмектеседі. Ардагерлер ұйымының бір бөліміне жетекшілік ететін зейнеткер құрбыларымен сырласып қана қоймай, әр қайсысының жағдайын біліп, мереке, туған күндерде құттықтау шараларын ұйымдастырады.

«Бимен айналысады, спортмен айналысады. Әрқайсысының өз жұмысы бар. Мензейнеткерлермен, тыл ардагерлерімен жұмыс істеймін. Ән айтамыз», - деді  тыл ардагері  Күлбадан ҚОНЫСБАЕВА.

Қала көлемінде 222 мыңнан астам зейнеткер болса, олардың 45 мың 500-і Әуезов ауданында. Қартты көп ауданның қарттары да қарбаласып, өздерінің іс-жоспарларын жасаудан қолдары босамайды. Жүзу, гимнастика, бильярд  сынды спорттар мына адамдар үшін таңсық емес. Тігін, тоқыма сынды жас кездерінен жандарына серік болған ине, бізді бүгінге дейін тастамаған.  

«Оқта-текте осында келіп, биге барамыз. Бұлардың шақырған жерінен қалмаймыз. Әр уақытта керекті жеріне барып тұрамын. Уақытымыз жақсы», - деді ҰОС ардагері Жаңбыр КЕРІМҚҰЛОВ. 

Шежіреші, үлгі-өнегенің, тәлім-тәрбие,  көрегендік пен мейірімділіктің мол қазынасы саналатын аудан қарттары алдағы уақытта тарихи, киелі жерлерді араламақ. Алдағы аптада олар Астананың 20 жылдығына арнап замандастарына концерт өткізеді.

«Мен бұны өте жақсы идея, бағдарлама деп санаймын. Көптеген қарттар зейнетке шыққан соң, қайда баратындарын, не істейтіндерін білмей жатады. Егер орталық ашылса, іштері пыспай, денсаулықтарыда жақсы, ойлары сергек болар еді. Клубтар әрбір ауданға керек», - деді Алматы қаласы Әуезов аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы  Бәтима ЫБЫРАЕВА.  

Ардагерлер кеңесіне қарасты қарттар клубы көп болмасада жұмыс істеп тұрғандары бар. Медеу ауданындағы  «Шарайна» клубының мүшелері Шарын шатқалын аралап келсе, алдағы күндері  тарихи орындарға тағы бармақ. Ал «Үміт» орталығында қолөнерші қарттар топтасқан. 

«Бұлардың көпшілігі ғалым адамдар, үлкен қызмет істеген адамдар. Сөйлейтін, өмірден қорытынды жасайтын адамдар. Мына, балаларға тәрбие беру үшін, ана көрген білгендерінің бәрін айтып беру үшін бұлда себепкер болады деп ұйымдастырып жатырмыз», - деді Алматы қаласы Медеу аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы  Ким СЕРІКБАЕВ.  

Алматы халқының 12 пайызын құрайтын қарттарға көмек көрсету - мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында қолға алынады. Жобаны жүзеге асыру барысында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы құрылады. Әрбір орталықта кітапхана, фитнес зал,  емдік йога, аэробика, шахмат, тоғызқұмалақ, домино және басқа да үйірме залдар жұмыс істейді. Тіптен, ерінбесе  компьютер, тіл курстарын оқимын деген зейінді зейнеткерлерге де мүмкіндік  жасалады.