Алматыда қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу мен дәстүрлерін дәріптеуден байқау өтті

27.03.2017 15:40

Қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу мен дәстүрлерін дәріптеуден байқау өтті. Қаланың Наурызбай мен Әуезов аудандары ұлыс күнінде ерекше сайыс ұйымдастырды. Қос аудан алаңға 20-ға жуық киіз үй тігіп, әрқайсына арнайы атау тақты. Байқауға қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қыстан аман шығып, ұлыстың ұлы күнінде бір-бірімен қауышып жатқан наурызбайлық тұрғындардың ұлан асыр тойы бұл. Аудан Әз-Наурызды биыл жылдағыдан ерекше, дүркіретіп тойлады. Ауданда еңбек ететін 20-ға жуық ұжым киіз үй тігіп, әр отауға арнайы ат қойды. Байқау шарты бойынша әр киіз үйдің безендірілуі, ұлттық тағамдардың алуан-түрлігі және дәстүрлердің дәріптелуі сарапқа салынды.

«Бұрын наурыз деген мерекені білмедік те біз. Аллаға шүкір, міне өзіміздің төл мерекеміз ортамызға келіп, жылда осы егемендік алғаннан бері тойлап жатырмыз. Бұл наурызымыздың ерекшелігі - біздің ұлттық дәстүрімізді оралтып жатыр бізге»,- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны, Салтанат САЛҚЫНБАЕВА.

Әр қазақ үйде мерекенің басты тағамы - наурыз көже мен бауырсақ таратылды. Тұрғындар ұлттық ойындар ойнап, спорттық шаралардан да шет қалмады.

¤Қайсарлық пен еркіндіктің белгісі болған қыран бүркіт, қашанда әр қазақтың шаңырағында табылған. Бүгінгі мерекенің де көркін қыздырған осы қыран мен құмай тазы болды. Жеті қазынаны көруге келген көрермен санында есеп жоқ.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз мерекесі Әуезов ауданында да тойланды.  Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар қызды. 

«Қысқы мезгілден кейін әрине ел-жұрт көктемді аңсап, Наурызға ерекше назар аудара отырып жақсы келеді. Міне ауа-райына қарамастан, біздің ауданымыздың бірінші кезектегі басқа аудандарымен салыстырған кезде 44 мыңға жуық зейнеткерлеріміз бар, оның біразы осы алаңда»,- деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, Еркебұлан ОРАЗАЛИН. 

Ұлыстың ұлы күніне арнайы тігілген киіз үйлерде колледж студенттері, балабақша және мемлекеттік қызметкерлер қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету бойынша сайысты. Байқауға қатысушылар беташар, қыз ұзату, тұсаукесер және азан шақырып ат қою сияқты ұлтымыздың мәні терең ырымдарын жасады.

Айдана Мейрамбайқызы, Перизат Көмекбайқызы, Валера Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы