Алматыда қоғамға қажетті жобаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі

26.10.2017 23:00

Алматыда қоғамға қажетті жобаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Азаматтық сектордың әлеуметтік бастамалары мен жобалары» атты жәрмеңкеде қырыққа тарта жоба қаралды. Ұсынылған бастамалар қала өмірінің түрлі саласына арналған. Мемлекеттік емес ұйымдардың ұсынатын идеялары қала қауіпсіздігі мен экологиясына, қоғамға тиімді, әлеуметтік топтарға пайдалы бағытта болуы керек. Дөңгелек үстелге келген қоғамдық кеңес және басқарма өкілдері, кәсіпкерлер ұсынылған ең үздік жобаларды анықтап, оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыра бастайды.

«Бұл жобалардың барлығы салалық басқармаларға таныстырылып, ұсынылатын болады. Олар өз кезегінде жобаны келесі жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіне немесе сол басқарманың келесі жылы өткізілетін жұмыс жоспарына, бюджетіне енгізіп, жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз», - деді Алматы қаласы «Ақпаратты-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының директоры Алтынай КӨБЕЕВА.