Алматыда қызды қағып өлтірген автобус жүргізушісі 2 жарым жылға сотталуы мүмкін

30.05.2018 01:08

Алматыда Төле би көшесінің бойында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген қоғамдық көлік жүргізушісі 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әрі оған 5 жылға дейін көлік жүргізуге тыйым салынбақ. Мұндай жазаны №126 автобустың бұрынғы тізгіншісіне мемлекеттік айыптаушы сұрады. Ал жол ережесін өрескел бұзған сотталушының өзі жазасын жеңілдетуді өтінді. Бағдаршамның қызыл түсін елемей, қыздарын қапыда ажал құштырған жүргізушінің бұл өтінішіне қара жамылған отбасы қандай жауап қатты?

Сәуірдің 18-інде Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында болған бұл жантүршігерлік жол апаты шошынған жұрттың әлі есінде. Бүгін сот залында бейнебақылау камерасына жазылған таспа қайта қойылды. Сол күнгі сұмдықты еске салып, бітпеген жараның беті тырналғандай болды. Бағдаршам белгісіне жеткенде жүрісін тоқтатпастан қызыл түске аптығып өткен №126 автобус жүргізушісінің өрескел қателігі бүтіндей шаңырақты қара жамылдырған. 23-тегі қызынан қас-қағым сәтте айырылып қалған анасының көкірегі қарыс айырылып, көз жасын тыя алмады. Ал Айғаным Ерланқызын 20 метрге ұшырып, ажал құштырған 41 жастағы тізгінші бұл әрекетіне өкінді.

«Кешірім сұраймын! Сізден бас бостандығынан айырмау туралы жазасын тағайындауды сұраймын»,– деді сотталушы Ануар ЖӘНІБЕКОВ.

Сол күні Айғаным, әдеттегідей, жұмысына бара жатқан. Үй маңында мұғалім болып қызмет еткен бойжеткен күнде осы жолмен жүрген екен. Сондықтан марқұмның туыстары оның бағдаршамның қызылына өтуі екіталай деді. Есесіне, прокурор автобус жүргізушісінің кінәсі куәгерлер мен сараптама қорытындысы нәтижесінде толық дәлелденгенін айтты. Әрі оның кәмелет жасына толмаған үш баласы барын және моральдық-материалдық шығын төлегенін ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұрады.

«Жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Осы айтылғандардың негізінде құрметті сот, Қылмыстық Кодекстің 55 бабының 2 бөлімінің 1 тармағын қолдана отырып, сотталушы Жәнібековты Қылмыстық Кодекстің 345 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Оны көлік жүргізу құқығынан 5 жылға айыруды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушыЕржан ТҰРСЫНҚҰЛОВ.

Көлік тізгіндегеніне 20 жылдай уақыт болса да, жол ережесін өрексел бұзып, абайсызда адам өлтірген Ануар Жәнібеков өз кінәсін мойындады. Ол Айғанымның барша туыстарынан кешірім сұрады. Ал қыздың әкесі қиын болса да, сотталушыға кешірім беретінін жеткізді.

«Үш баласы бар екенін ескере отырып, енді кешірім бердім. Басқа арыз-шағымым жоқ», - деді марқұмның әкесі Ерлан МӘКЕН.

Үш баласын автобус жүргізіп баққан Ануар Жәнібеков отбасының жалғыз асыраушысы екен. Әйелі үйде бала тәрбиесімен отырған көрінеді. Сондықтан сотталушының адвокаты оның қасақана қылмыс жасамағанын айтып, шартты мерзім берілетініне үміттенетінін жеткізді.

Дегенмен қызыл түске өтіп аялдамаға аптыққан автобус жүргізушісіне соттың қандай жаза тағайындайтыны жақын арада белгілі болады. Өткенге өкініп, қыздың туыстарынан қиыла кешірім сұраған айыпталушы ертең сотта соңғы сөзін айтады. Артынша үкім жарияланады.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен СандыбаевАлматы» телеарнасы