Алматыда полицейлердің видеожетонын бақылайтын арнайы топ құрылды

26.05.2018 03:52

Алматылық жол сақшыларына соңғы бес айдың өзінде жүргізушілер тарапынан  24 шабуылдау оқиғасы тіркелген. Қорлау мен үркітудің көбейіп кетуінен  полицейлердің видеожетонын бақылайтын арнайы топ құрылды. Тәртіп сақшыларының кеудесіндегі құралдар тек шабуылдан ғана емес, әсіресе, жемқорлыққа жол бермейді.

Мына кадрлардан дөрекі жүргізушінің жол сақшыларына жуан жұдырығын ала жүгіргенін көруге болады. Қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізуші полицейлерді қорлап қана қоймай, алкагольдік сараптамадан өтуге де қарсылық танытады. Заңды өрескел бұзып тұрғанына қарамастан, масайған көлік иесі құжаттары мен кілтті қайтаруды талап еткен.  

Тұрғындардың тыныштығын сақтау үшін күні-түні қарауылға шығатын полицейлер қалтасы мен танысына сеніп, тәртіп бұзатын оқиғалардың сан түріне кездеседі. Бұндай  жағдайда кеуде жетоны оқиғаның басын ашып береді. Заңды бұзғанымен қоймай жала жапқан  автоәуесқойлар мастықтан айыққан соң өздерін түнгі  «қойылымдарын» жоққа шығарып, мойындамай жатқан сәтте жетондық құрал көмекке келеді.  

«Олар бірінші кезекте қандай да бір коррупциялық деректерді жоюға көмектеседі. Содан соң түсінбеушілік туған жағдайда жан-жалды деректерді ашып, оның анық-қанығына жетуге көмегін тигізеді. Ал үшіншіден, ол біздің полиция қызметкерлерінің өз істерін қаншалықты сапалы, қаншалықты кәсіби жүргізген-жүргізбегенін осы бейне тіркегіштерді талдау арқылы  біле аламыз», - деді  Алматы қаласы ІІД ресми өкілі  Салтанат ӘЗІРБЕК.

Екі жыл бұрын Ішкі істер министрлігі сыртқы және саптық полиция бөлімшелерінің қызметкерлерін бейне тіркеумен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады. Бұл рәсім кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алматылық полиция қызметкерлері бейне тіркеуді алғашқылардың бірі болып алды. Құрылғылар мен қару-жабдықтары қызметке кірісер алдында беріледі.Тіркеуіштердегі ақпараттар мен оқиғаларды  бақылау үшін департамент жанынан тәжірибелі офицерлердің құрамы жасақталған. 

«Бастапқыда, екі жыл бұрын Алматы полицейлері 600 бейне тіркегіштер сатып алынып, олар эксперименталды  түрде жұмысқа енгізілген болатын. Содан соң  тиімділігі дәлелденген соң, қазіргі таңда жол патрульдік полициясының жеке құрамы  жүз пайыз  осы бейнетіркеуіштермен жабдықталған», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Биылғы жылы жергілікті учаскелік және жасөспірімдер полициясын да кеуде  бейне тіркеумен  қамтамасыз  ету  жоспарланған. Бейнематериалдардағы  ақпараттар  қолжетімсіз, тек арнайы мониторингтік топтың өкілдері ғана көре алады. Соңғы бес айдың өзінде алматылық сақшыларға  тіл тигізіп, қорлау, қол жұмсаудың 24 оқиғасы тіркелген.

 

Әмірболат Құсайынұлы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы