Алматыда Сингапурдың технологиялық кәсіпорындары бой көтеруі мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек пен Сингапурдың байланыс және ақпарат министрі Чи Хун Таттың кездесуі кезінде мәлім болды. Жаңа зауыт тіпті, индустриалық аймақта салынуы мүмкін. Бұл туралы келіссөздер қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, шетелдік серіктестер қаланың смарт-жобаларына инвестиция құю мәселесін қозғады. Екі елдің бизнес саласындағы қатынастары жайлы келесі бейнематериалда.
¤Алматы стратегиялық маңызы зор нарық, мұнда кәсіпорын ашу өте тиімді. Қала басшысы Бауыржан Байбек Алматы-Сингапур бизнес форумында осылай деді. Ол үшін біріңғай терезе арқылы инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Қазақстан «Дуинг Бизнесте» 16 орынға алға шықты. Бұл дегеніміз еліміздің Еуразиялық экономикалық кеңістікте үздік инвестициялық аймақ екендігін дәлелдейді. Ал Сингапурдың озық компаниялары Алматыда өз кәсіпорындарын құрып, ісін дөңгелетуге әзір.
«Өткен жылы біз Жапониямен бірлесе, Алматы- Жапония іскерлік клубын құру Меморандумына қол қойдық. Қаламыздың Алатау ауданына қарасты Индустриалық аймақта жуырда екінші жоғары технологиялық жапондық зауыт құрылмақ. Әрине, Сингапур барлық әлемдік рейтингтерде жоғары орындардан көрініп жүр. Бұл мемлекет әлемдегі жоғары дамыған инфрақұрылымды ірі сауда орталығы беделімен танымал. Сол себепті сіздерден инвестиция тарту біз үшін аса маңызды»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Соңғы жылдар ішінде еліміздің аралдық мемлекетіне экспорт көлемі тұрақты ұлғаюда. 2012 жылы Қазақстанның Сингапурға экспорты 2 миллион доллардан төмен болса, қазір бұл көрсеткіш 200 миллион долларға дейін ұлғайған. Қазақстандық экспорттың негізін шикі мұнай құрайды. Сингапурдан импорт құрылымын мал және өсімдіктен жасалған өнімдер, азық-түлік, химия өнеркәсібі мен ағаштан жасалған өнімдер, электр және механикалық жабдықтар, көлік, электрондық, оптикалық аспаптар құрайды. Бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық дамуында оң серпін байқалады.
«Сингапурдан келген 40-қа жуық адамның 90 пайызы бизнес саласының өкілдері. Компания басшылары арнайы келіп Алматының кәсіпкерлерімен байланыс орнатпақ. Әрине, біріге жұмыс жасау қажет, даму керек. Мысалға айтатын болсақ, бізге аса қажет технологияларды Сингапур ұсына алады»,- деді Кәсіпкерлер палатасының директоры, Юрий ТІЛЕУМҰРАТОВ.
Сингапурда орналасқан «Қазақстан-Азия-Тынық мұхит сауда-инвестициялық палатасы» шетел инвестицияларын және жаңа технологияларды тартуды көздейді. Бүгіннен бастап «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оның мүшелігіне енді. Форум барысында келісімге қол қойылды. Онда екі елдің ақпараттық серіктестік мәселелері қаралады. Палата жұмысының басты мақсаты - палата мүшелерінің тауарлары мен қызметтерін Қазақстанда, Еуразия Экономикалық Одағында және Азия-Тынық мұхиты аймағында ілгерілету.
«Қазақстан мен Сингапур компанияларына өзара инвестициялау және жобаларға қатысу үшін үлкен мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Дәл осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін де Сингапур осындай бастама көтеріп, кәсіпкерлер қатысатын арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Сол жобамен енді міне, Алматыға келдік. Келер жылы біздің елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады»,- деді Сингапур Республикасының Байланыс және ақпарат министрі, Чи Хун Тат.
Сингапурдан келген кәсіпкерлер, сарапшылар мен министрлік өкілдері біздің елдің маңызды бизнес жобаларына инвестиция құюға дайын. Шетел делегациясы екі ел арасындағы бизнес ынтымақстастықты дамытуды көздеп, іскерлік туризм саласында да қызметтес болуға ниетті.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы