Алматыда соңғы үш айда 23 мың кәсіпкер тіркелген

14.04.2017 16:21

Алматыда соңғы үш айда 23 мың кәсіпкер тіркелген. Алдағы уақытта бұл өсімді жалғастыру мақсатында бизнесті жақсарту жұмысы жалғаса бермек. Сондай-ақ елімізде Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде жоғарылауы үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.

«Doing Business» рейтингі бойынша кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтің барлық түрі ескеріледі. Яғни, елдегі кәсіпкерліктің дамуы 10 түрлі негізбен қаралмақ. Заңды тұлғалардың құжаттық жұмысы, қажетті қызметтерді тез арада пайдалана білуі және ең бастысы мемлекеттің жеке кәсіпкерлерге жасаған жеңілдіктері мен мүмкіншіліктері есепке алынады.

«Үлкен мақсат - ол Алматыдағы бизнес климатты жақсарту, әкімшілік кедергілерді алып тастау, бизнеске жасалып жатқан қаржылық қысым болсын, соларды қысқарту. Бұл жұмыстарды жетілдіру болып табылады», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айбек САТТЫБАЕВ.

Қазіргі таңда Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» ретингісінде 35 орында тұр. Алдағы уақытта да 189 елдің көрсеткіштері сараланған тізімде жоғарылау үшін бизнес-ахуалды жетілдіруге жағдай барынша жасалады. Осы орайда  өткен ақпан айында рейтингте Қазақстанның позициясын жақсартуға бағытталған түзетулердің 5-ші пакеті енгізіліпті.  

«Азаматтық банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша мүлікті тіркеу реформасында қайтадан тұрғызылған жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт алынып тасталды. Осы арқылы уақыт және қаржы үнемделетін болады», - деді ҚР Әділет министрлігі  департамент директоры орынбасарысының міндетін атқарушы Мария ТҰРҒАНБАЕВА.

Алматыда кәсіпкерлер қатары жыл басынан бері 23 мыңға артты. Қазір қалада 183 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорындар бар, оның 14 мыңы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істеп жатыр.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы