Алматыда 5 студент профессорды соққыға жығып, үйін тонап кетті. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілердің мәселесі 6 айдан бері ауданаралық сотта қаралып жатыр. Істің сиырқұйымшақтануына жәбірленушінің алған жарақаты себеп болған. Соқпалдай жігіттердің соққысынан оқытушының 9 қабырғасы сынып кетіпті.
¤Тұрақты табыс көзі жоқ 5 студент осыдан бірнеше ай бұрын профессордың үйіне ұрлыққа түсіп, өзін соққыға жығып кетіпті. Онымен қоймай, бас-аяғы 23 млн теңгеден астам ақшасын қолды қылған. Бұл іске бармас бұрын олар өзара сөз байласып, баспанада ірі көлемде ақшаның бар екендігін білген. Жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін тіпті жол-жөнекей дәріханаға кіріп, медициналық бет перде мен қолғап та сатып алған көрінеді. Бастапқыда қылмыстық істе жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алды деп қарастырылған. Бірақ кейін оның 9 қабырғасына зақым келгені анықталған.
«Жәбірленуші Смағұловтың өзінің басқа дене жарақаттарымен қатар, қабырғасы сынғандығына байланысты сот қосымша медициналық сараптама тағайындаған. Аталған сот сараптамасы қазіргі уақытта аяқталып, сотқа келіп түсті», - деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытхан БӘКІРБАЕВ.
¤Студенттерге қылмыстық кодекстің «Қарақшылық шабуыл» бабы бойынша айып тағылып отыр. Жәбірленуші олардың жазаны заң бойынша алғанын қалайды. Ата-аналардың алдына қанша жалынып келгеніне қарамастан, кешірім бермеймін, дейді. Өйткені, 65 жастағы зейнеткер Ағыбай Смағұлов бүкіл саналы ғұмырын студенттерді оқытуға арнаған. Бірақ өзінің немересіндей жігіттердің дәл бұлай үйге баса көктеп кіріп, соққыға жығады дегенді мүлде ойламапты.
«Бір ғана талап-тілегім бар. Іс айыптау актісінен асып кетпесе екен. Бұл жәйт қарақшылық пен аса ірі көлемде тонау бойынша қозғалып жатыр. Тағы да айтарым, жәбірленушілер мен олардың ата-аналары ұрланған ақшаны қайтармады. Енді бәрін заң мен сот шешсін деймін. Соларға қалдырып отырмын», - деді жәбірленуші Ағыбай СМАҒҰЛОВ.
¤Аталған дерек бойынша жарыссөз 5 қазан күніне белгіленді. Соңғы нүктені енді сот қояды.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы