Алматыда тағы бір адам із-түссіз жоғалып кетті

06.09.2017 20:03

Алматыда тағы бір адам із-түссіз жоғалып кетті. Виктор Кораблёв есімді тұрғынды туыстары екі аптадан бері іздеп таба алмай жатыр. Жақындары оның соңғы кездері қиналып, күйзеліске ұшырап жүргенін айтады.

¤

30 жастағы Виктор Кораблев жақындарының сөзінше, мейірімді, жайдары жан. Туыстары ақыл-есі дұрыс, апталдай азамат қалайша аяқ-асты жоқ болып кетеді деп налиды. Ол 24 тамызда кешкі сағат 6-7-лер шамасында үйінен шығып кетіпті. Қызығы, сыртқа шыққаннан кейін қайта оралып, 5-10 минуттай үйде болған. Артынша қайта кетіп, сол күйі оралмапты. Қазір оның соңғы рет үй маңындағы дүкенге кіргені ғана белгілі.

¤

¤«Үйден шығып, ешкімге қайда бара жатқанын ескертпеген. Кейін уайымдап оған қоңырау шала бастадым. Телефоны өшірулі болды, далаға шығып, аулаларды қарап келдім. Ертесіне аудандық Ішкі істер орындарының көмегіне жүгіндік. Арызымызды қабылдады, іздеп жатырмыз дейді, бірақ әлі күнге ешқандай хабар жоқ», - деді  В. Кораблёвтың інісі Виталий КОРАБЛЁВ.

 

¤Виктордың туыстары бауырын іздеп сабылып жүргендеріне 12 күннен асып барады. Олар мүмкін болған жерлердің барлығын аралап, сұрастырып шығыпты, алайда еш нәтиже жоқ, дейді. Шақша басы шарадай болған отбасы бақсы-балгерлерге дейін көмек іздеп барған көрінеді. Біреуі Виктордың аман екенін және өзі үйге оралатынын айтса, енді бірі оның жүрген жерін сумен байланыстырыпты.

¤

¤«Біз Мәскеудегі туыстарымызға да хабарластық. Олар сондағы ең үздік деген көріпкелдердің де көмегіне жүгініп көрді. Олар бізге оны судан іздеңдер дегенді айтты. Виктор бұған дейін демалып, бой жазу үшін қаладағы үлкен Алматы өзенінің жағалауында серуендейтін. Біз ол жерлерді де көріп, сондағы адамдардан сұрастырып қайттық. Тіпті бір адам бауырымызға ұқсайтын адамды көргендігін айтты. Бірақ әлі ештеңе белгісіз», - деді  В. Кораблёвтің  туысы Мария СУДАКОВА.

¤

¤Інісінің сөзінше, Виктор соңғы бір жарым жылда қатты күйзеліске ұшырап жүрген. Жарымен ажырасып, қызметінде сәтсіздіктерге ұшырап, тұйықтанып кеткен көрінеді. Оның туыстары Әуезов ауданының Ішкі істер департаментіне арызданған, десе де әлі жақсы хабар естімепті. Егер оны көрген-білгендер болса құқық қорғау орындарына жүгіне алады. Ал Викторды үйінде ата-анасы мен бауырлары және әйелі мен қызы асыға күтіп отыр.