Алматыда тұтынушылар уланған мейрамхананың қызмет жүргізуге рұқсаты болмаған

31.03.2018 12:22

Жаппай уланып жатқан тек Шымкент тұрғындары ғана емес. Алматылықтар да астан азап шегіп жатыр. Наурыздың онында қаладағы танымал мейрамхананың бірінде тамақтанған 11 азамат дәрігер көмегіне жүгініп, арасындағы екеуі өлім аузынан қалды. Тамақтану орнын шұғыл тексерген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары көптеген олқылықтарды анықтады. Қаладағы осы және өзге де улану фактілерін қойын дәптеріне тізіп жүрген әріптесім Перизат Көмекбайқызы мәселенің мән-жайын студияға келіп, түсіндіріп бермек.

- Қайырлы кеш Перизат! Асханалардағы бассыздыққа қалайша жол берілген? Мейрамхана статусы бола тұра, меймандар бір-ақ күнде сальмонеллез диагнозымен ауруханадан бірақ шықты. Қандай анықталған ақпараттарыңмен бөлісе аласың?

-Кеш жарық Өмір! 10 наурызда тіркелген оқиға әлі күнге дейін шешім тапқан жоқ. Улану деректері тіркелген бойда арнайы комиссия құрылып, мейрамхананы тексеруге барған санитарлық дәрігерлер жағаларын ұстап қайтқан. Онда дайындалатын тағамдардың өзге орыннан әкелінетіні анықталыпты. Асты тасымалдайтын көліктің сиқын көрген мамандар адам шошырлық, дейді. Ал ас жеткізілетін өзге мейрамханада да кемшіліктер шаш етектен екен. Тіпті, тамақтану орнында қызмет көрсетушілердің басым бөлігінде санитарлық кітапшалары болмай шыққан.

«128-ші санитарлық ережеге сай, әр деректелген тобындағы қызметкерлер жұмыс орнында санитарлық кітапшалары болуы тиіс. Бұл тексеріс барысында 66 қызметкердің 25 қызметеріне ғана берліді. Қалғандары сол күні жұмыстан босатылды. Санитарлық ережеге сай, кітапшаларын алып келгенше», - деді  Алматы қаласы Бостандық ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Меруерт ЖАНСЕЙІТОВА.

Бостандық ауданындағы мейрамханалардың бірінде уланғандар саны 11-ге жеткен еді. Дәрігерлер олардың тоғызына сальмонеллёз диагнозы қойылса, екеуі өткір ішек инфекциясына шалдыққанын растаған. Олар түрлі тағамдарды тұтыныпты.

«Бұл жерде енді тауық еті, содан кейін қызыл уылдырықтан сальмонелло табылған. Және де піскен тамақтарда қойдың қабырғасы, сиырдан жасалған стейк, солардан микробиологиялық көрсеткіштерге сай болмаған. Бұл жерде де көп нәрсе санитарлық талаптарға сай болмаған», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.

Тұтынушылар жаппай уланған мейрамхананың қызмет жүргізуге рұқсаты болмаған. Тазалық індет мамандарының сөзінше, қазір көптеген тамақтану орындары қитұрқы әрекеттерге жиі барады. Ереже бойынша олардың мекемесі 50-ден аса орынға шақталған болса, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен рұқсат алуы тиіс. Сондықтан орынды азайтып көрсетуге тырысады, дейді мамандар.  

«Бізде қазір тексерген уақытында біріншіден прокуратурадан рұқсат қағаз алады. Рұқсат қағаз алғаннан кейін кәсіпкерге мен саған осы айдың ішінде келіп сені тексеремін дейді. Әрине қайта-қайта тексеруге болмайды. Жылына бір рет пе? Екі жылда бір рет пе? Кварталда бір рет пе? Бірақ прокуратурадан рұқсат алып, анау кәсіпкерге айтпауы керек біз келеміз деп. Ал енді қай уақытта келетінін ол кәсіпкер білмейді. Сол уақытта ол келетінін біледі. Бірақ қай уақытта келетінін білмейді. Сол уақытта тұтынушының құқығын бұзбас еді», - деді «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің президенті Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА.

Былтыр қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары 500-ге жуық тамақтану нысандарын тексерген. Соның ішінде 365-іне 20 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Жетеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Мұндай жабайы орындарда азық-түлік сатып алып, тұтыну өте қауіпті. Оған қоса, өнімнен уланып немесе сапасыз екендігін анықтасаңыз да, оны дәлелдеу мүмкін емес. 

Қала базарларына ет өнімдері көбінесе Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысынан тасымалданады. Жылына қала базарларына 6 мың тонна сиыр, 2 мың тонна қой, 3 мың тонна жылқы еті жеткізіледі. Ал дүкен сөрелеріндегі балық пен өзге теңіз өнімдері Ресей, Норвегия, Қытай, Жаңа Зеландия, Солтүстік Америка және Оңтүстік-шығыс Азиядан әкелінеді.

«Қалаға тасымалданатын өнімдерді күнделікті мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер қадағалап отырады. Күнделікті тұтынатын тауарларды сенімді орындардан алуға кеңес беремін. Өйткені, мұндағы өнімдер тек арнайы мөрмен ғана жіберіледі. Жабайы сауда орындарынан сатып алынған өнімдердің қайдан жеткізілетіні белгісіз. Сонымен қатар, демалыс күндері қаланың 6 ауданында өткізілетін жәрмеңкедегі өнімдер жіті тексеріледі», - деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бекдат ДАНИЯРОВ.

Тұрғындар жаппай уланған мейрамханаға келер болсақ, Бостандық ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл істі екі сотқа жолдаған. Осы аптаның басында қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тамақтану орнының жұмысын 1 айға тоқтатып, 700 мың теңгеден аса айыппұл салған. Дегенмен, мейрамхана әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. 

Ал материалды қарап жатқан ауданаралық экономикалық сот отырысы 1 сәуірге белгіленген. Біз аталған жайтты бақылауда ұстайтын боламыз.

-Алматыдағы улану деректеріне қатысты әріптесім Перизат Көмекбайқызы талдау жүргізген болатын.


Теги: улану