Алматыда үйлерді тонаумен айналысқан ірі қылмыстық топ құрықталды. Тәртіп сақшылары арнайы операция кезінде ұрыларды тура пәтер тонап шығып келе жатқан кезінде қолға түсірген. Қылмыстық топ күндізгі сағат 3-тер шамасында Алмалы ауданындағы пәтерлердің бірінен құнды заттар мен тұрғындардың ақшаларын қолды қылыпты. Алайда, оқиға орнынан іздерін суытып үлгермеген. Қолға түскен төрт қарақшы Шығыс Қазақстан облысының тумалары. Әрі, олар пәтер тонаумен талайдан бері айналысып, бірнеше рет сотты болған екен.
«Бұл азаматтардың заңсыз әрекеттері бірнеше күн бұрын полиция қызметкерлерінің назарына түсті. Сондықтан оларды қылмыстың үстінде ұстау шешімі қабылданды. Ұзаққа бармай бұл қылмыскерлер алматылық бір пәтерге еніп, сол пәтердің барлық бағалы заттары мен пәтер иелерінің ақшаларын қолды қылған. Сөйтіп шыға берісте соларды құрықтаған болатын»», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Полицейлер сұғанақтарды қолға түсіргенде олардан әртүрлі формада жасалған бірнеше кілт тәркілепті. Сондай-ақ пәтерден ұрлап шыққан құнды заттар әшкереленді. Қазір тәртіп сақшылары қарақшылардың өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтап жатыр.