Алматыда заңсыз орнатылған шлагбаумдар қиратылып жатыр

15.09.2017 02:35

Алматыда заңсыз орнатылған шлагбаумдар қиратылып жатыр. Телімге таласқан тұрғындар аулаға бөгет қоюды әдетке айналдырған. Ашығын айтқанда, жалпыға ортақ жерді меншіктеп алғандар қаланың барлық ауданында кездеседі. 

¤Бөгет қойылғалы тұрғындардан тыныштық кеткен. Олар өзара дауласып, бір тоқтамға әлі келе алмай жүр. Бірі – шлагбаумды орнату дұрыс десе, енді бірі – бұл бассыздыққа түбегейлі қарсы. Өйткені, шлагбаум тұрған тұраққа көліктерін тек ақы төлегендер ғана қаңтара алады. Қалғандары машина қояр орын таппай әлек.                  

«Мынау жер біздікі. Елдікі, қалай ол мына жерге ие болып қалады? Мысалы, біраздан кейін мына жерге кіру үшін ақша төлеңдер дейді. Ол соған келе жатыр», - деді қала тұрғыны Фарида ИБРАИМОВА.

«Бұл жерді заңсыз басып алу. Олардың ортақ меншікке бөгет қоюға құқығы жоқ. Біз оның алып тасталуын талап етеміз. Тұрғындардың барлығында көлік бар. Аула тар болғандықтан, олар сыймайды», - деді қала тұрғыны Күлсара ТІЛЕУБАЕВА.

Ал, көлік қойып жүргендер болса, бөгеттің ешкімге зияны тимейтінін айтып отыр. Сөздерінше, қараусыз қалған жерді көріктендіру үшін өздері ақша жинаған. 

«Бұл жерге шлагбаум қоюдан бұрын жиналыс өткіздік. Бәрі өз ұсыныстарын айтты. Бұл жерді тегістеттік, асфальт төседік. Енді жарық  жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын орнатпақпыз», - деді «Медик» тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрайымы Светлана ПОЗДНЯКОВА.¤

Заңсыз бөгет орнатқандармен күрес Алмалы ауданында тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері 10 шлагбаум сүріліпті.

«Бөгетті алып тастау жұмысын жергілікті полиция қызметі, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандарымен бірлесіп жүргіземіз. Алдымен түсіндіру шарасын өткіземіз. Тұрғындар арасында түсініспеушілік болмау үшін әрдайым жағдайды бақылауда ұсатуға тырасамыз», - деді  Алмалы ауданы коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан АЙТАНОВ.

¤Көріктендіру ережесі қаланың өзге аудандарында да бұзылған. Мәселен, Орбита ықшамауданында да, шлагбаум орнатылған. Бұл тұраққа құлыптан кілті бар жүргізушілер ғана қоя алады.

¤Қозғалысты шектейтін кедергілер апат уақытында айтарлықтай қиындықтар туғызады. Өрт сөндіру қызметі және жедел жәрдем тосқауылға тап болып, тиісті жерге жете алмай, қиналады. Сондықтан заңсыз шлагбаумдармен күрес әлі де жалғаса бермек.


 

Перизат Көмекбайқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы