Алматыдағы бизнес орталықтардың біріне жарылғыш зат қойылды деген ақпарат тарады

05.05.2017 17:39

Алматыдағы бизнес орталықтардың біріне жарылғыш зат қойылды деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жұрттың жан ұшыра жан-жаққа жапа-тармағай қашып жатқаны бейнеленген шағын ролик пайда болды. Біздің тілшілер дабыл қағылған жерге дереу жеткен. Сөйтсек, орталық басшылары оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген екен. Айтуларынша, мұндай шараны олар тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады.

«Қала бойынша өткізілетін оқу-жаттығу жұмыстарынан бөлек, біз өз компаниямызда мұндай шараларды ара-тұра ұйымдастырамыз. Ондағы ой - қызметкерлердің қағілездігін арттыру. Оның үстіне, ғимараттың қауіпсіздігін, ондағы дабыл құрылғыларының қаншалықты жұмыс істейтінін тексереміз»,- деді Бизнес орталығының қожайыны, Николай ХАРЧЕНКО.   


Компания басшылығы оқу-жаттығудың болатынын құзырлы орындарға ескертіпті. Енді олар әлгі видеоны ғаламторға жүктеген адамды іздестіріп жатыр. Олар ролик авторын жалған ақпарат бергені үшін сотқа бермек.