Алматылық салықшы кәсіпкердің 1 млн долларлық алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп жіберген

28.11.2017 21:49

Қызметін асыра пайдаланған алматылық салықшы қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Ол кәсіпкер әйелдің 1 миллион АҚШ долларына бағаланған алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп жіберген. Ал түскен ақшаны сыбайласы екеуі қалталарына басыпты. Десе де, жәбірленуші олар жазадан сытылып кете ме деп қауіптенуде. Сондықтан құзырлы органнан көмек сұрауда.

10 жылдан астам алтын бұйымдар сатумен айналысатын алматылық кәсіпкер Индира Бердібековаға былтыр экономикалық қылмыстарды тергеумен айналысатын маман айып таққан. Оның сауда нүктесіндегі 1 млн АҚШ долларына бағаланған әшекейлерді «Контрабандалық қылмысқа қатысы бар» деген күдікпен тәркілеп, ұшты-күйлі жоғалыпты. Тергеушінің 6 ай бойы алтындарды «тексеріп жатырмыз» деген сылтаумен кері қайтармауы, кәсіпкердің көңіліне күдік ұялатқан. Кейін ол салықшының әшекейлерді ломбардқа сатып, ақшаны өз пайдасына жаратқанын анықтапты.

«Үш санкция алған соттан. Бұл заңсыз істі прокурор қолдаған. Алматы қаласының кірістер департаментінің басшылары қолдаған және судья қолдауымен маған тергеуші 3 жерден санкция алып келіп отыр. 16 қараша күні менің барлық алтындарымды алып кетті. Авиациялық прокурорға және судьяға менде сұрақ. Неге бұл істі ашу алдында, экономикалық контрабандамен қылмыстық істі ашу алдында, неге бұның дұрыс ашылғаны ма, ашылмағаны ма тексерілмеген?», - деді кәсіпкер Индира БЕРДІБЕКОВА.

Кәсіпкердің алтындарының тең жартысын ломбардқа сатып, қалғанын казиноға өткізген тергеуші Қуандық Есенқұлов екен. Ол салық органында 10 жылдан астам жұмыс істепті. Ал мамыр айында кәсіпкерді тақырға отырғызған былығы үшін қамауға алынып, қазір сот алдында жауап беріп жатыр. Қызметін асыра пайдаланған тергеушінің әрекетінен ашынған келіншек, өзіне таққан айыппен келіспейді. Айтуынша, ол сатқан алтындардың контрабандалық тауар болуы мүмкін емес. Өйткені, кәсіпкер бұйымдарды Қазақстан аумағынан көтерме бағамен алып саудалайды. Сондықтан келіншек әділдік іздеп кәсіпкерлер палатасына арыз  жазды. Одан қалды, Бас прокурордан да араша сұрамақ.

«Экономикалық контрабандалық іс қозғау үшін қандай мәліметтер керек екенін ізденіп таптым. Қазіргі таңда ол аэропортта ұстау және оны бағалау, оны белгілеп, камераға түсіру болмаған жағдайда, экономикалық контрабандаға іс қозғалмайды екен. Ал менің жағдайымда Алматы қаласының Кірістер департаментінің тергеушісі заңсыз әрекет етіп отыр», - деді кәсіпкер Индира БЕРДІБЕКОВА.

Десе де, Алматының кірістер департаментіндегілер бұрынғы әріптестерінің әрекетін жақтамаса да, кәсіпкерге қатысты тексеріс жүргізгені толықтай заңды, дейді. Өйткені, келіншектің ісінен бір шикілікті тапқан көрінеді. Сондықтан контрабандалық тауар сату бойынша күдікке ілінгені рас екен.

«Қазіргі уақытта сот амалдары жүргізіліп жатыр. Енді контрабанда бойынша іс ары қарай жалғасып жатыр. Шетелдерге сауалнама жіберілді, соларды күтіп отырмыз. Әлі де күдік бар, өйткені құжаттар бар қарастыратын. Ол жай ғана контрабанда деп бостан-босқа шықпайды. Контрабанда бойынша қылмыстық іс қозғалғанда, демек құжаттар бар. Бірақ оларды дәлелдеу үшін шетелге жан-жақты сауалнама әдейі жүргізілген болатын», - деді Алматы қаласы МКД түсіндіру басқармасының басшысы Заңғар ШЫНДАЛИ.

Кәсіпкер әйелдің әшекейлерін сақтау қоймасына өткізбей, сыбайласымен бірлесіп сатып пайдаға батқан тергеуші жазасыз қалмайды деп сендірді салықшылар. Болашақта бұйымдардың соммасын қайтару бойынша үкім шығуы мүмкін, дейді мамандар. Сондай-ақ кәсіпкер әйелдің де бұйымдары бойынша әлі тергеу жүріп жатқаны белгілі болды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы