Алматының 1001 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Қаланың әрбір ауданы бірінен-бірі қалыспай алып шаһар күнін дүбірлетіп тойлады. Мазмұнды мерекелік шаралар, концерттер, түрлі жәрмеңке мен көрмелер қала мерекесіне байланыстырылып ұйымдастырылды. Қала күні дәстүрлі тойланады. Алайда, биылғы шаралар жылдағыдан саны мен мазмұны жағынан ерекшеленді. Думанды шараға жиналған тұрғындардың бірі осы ару шаһарда туып өссе, бірі жастық шағын осы қалада қалдырған. Қала күнін мешітке келуші жамағат та ерекше атап өтті. Олар cенбі күні үлкен стадионда спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсті. Жарысқа кез келген ниет білдіруші қатысуға мүмкіндік алды. Оза шапқан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлде қорының құны 1 млн теңгеге алынған қымбат тұрмыстық техника болды. Ал мешіт имамдары келушілеріне шара аясында 1 тоннаға жуық алма тегін таратты.
Ал, балалар қиялдарына ерік беріп, бормен асфальтқа Алматының символын салып жарысты. Қаланың төл мерекесін аты әлемге әйгілі Алматы апортынсыз елестету мүмкін емес. Алып шаһардың мерекесінде бұл жеміс түрі үлестіріліп, Алматыға арналған әндер шырқалды. Алып шаһардың туған күніне орайластырылған мазмұнды шаралар мен концерттік бағдарламаны тамашалуға ағылған жұртта есеп болмады.