Алматының Алмалы мен Жетісу ауданында жабайы сауда тыйылмай тұр. Әкімдік заңсыз сауданың көркін қыздырғандарға қатаң жаза қолдануда. Жыл басынан бері жалпы соммасы 4 млн теңдеген астам айыппұл салынды. Бірақ саудагерлер сонда заңсыз кәсібін доғармаған. Түйткілдің түйінін тарқату үшін оларға базар ішінен тиімді бағамен заңды сауда орындарын ұсынып жатыр. Тек сатушылардың басым бөлігінің онда барғысы жоқ.
«Тастақ» базарында жабайы сауданың көркін қыздырғысы келгендердің жұмысын жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатып тастады. Мемлекеттің жерінде тайраңдап, салық төлеместен пайда тапқысы келетіндерге жаза қатаң өйткені. Мәселен, мына келіншек базардың аядай сауда орнына сыймағандықтан, тауарын көшеге жайып сатып жатыр. Мамандар әрекетінің заңсыз екендігін бірнеше мәрте айтып түсіндірген. Бұл жолы саудагерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яки 11 345 теңге айыппұл салынды. Егер заңсыз қызметтерін ары қарай жалғастыратын болса, айыппұл екі еселенеді.
Ал бұл Жетісу ауданына қарасты "Cаяхат" автобекетінің маңы. Мұнда жабайы сауда қызып тұр. Адам көп жүретін бұл маң заңсыз сауда жасайтындар үшін өте тиімді орын. Өйткені, тауары өтімді, оған қоса ай сайын ақы төлеудің қажеті жоқ. Саудагерлер экологиялық полиция мен аудандық әкімдіктің 15 минут сайын келіп тексеретінін жақсы біліп алған. Бірақ қанша қуса да, көше жағалай сауда жасайтын орындарына қайта жайғасады.
Аталған мәселені қолға алу үшін Алмалы ауданының әкімдігі экологиялық полициямен бірге 80 сауда нысаны және 12 аялдамаға 70-тен астам рейд жүргізген. Жабайы сауданың көзін жою мақсатында заңды қызмет ұсынуға дайын. Мәселен, базардағы бір орын тәулігіне 700 теңге тұрса, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға 300 теңге. Десе де, оны да көпсінгендер сауданы көше жағалап заңсыз сатуды жөн көреді. Алайда әкімдік түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
«Жабайы саудамен айналысатындарға бір ғана жол бар. Ол заңды түрде жұмыс істеу. Жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналарға сауда орындарын алуда жеңілдік бар. Тек тиісті оның жағдайын растайтын құжаттар жинайды. Содан кейін біз базарлардың басшыларымен келісімге келеміз. Орын жеңілдікпен беріледі. Жеке кәсіпкерлікті ашуға да көмектесеміз»,- деді Алмалы аудандық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы, Ерден ХАЙРУЛЛИН.
Тәртіпке жүрдім-бардым қарайтындарға жаза қатаң. Бір ғана Алмалы ауданы бойынша жыл басынан бері заңсыз сауда жасайтындарға әкімшілік кодекстің 204-ші бабы бойынша 174 хаттама толтырып, 600 мыңнан аса теңгеге айыппұл салған. Сондай-ақ, 505-ші баб бойынша 1616 хаттамаға 3 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы