Алматының Индустриалды аймағында биыл 10 жаңа кәсіпорын іске қосылмақ

21.04.2018 17:12

Алматының индустриалды аймағында биыл 10 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 2000-ға тарта жұмыс орны ашылады. Жобалар машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика, тамақ және химия өнеркәсібіне бағытталған. Олардың жалпы құны 58 миллиард теңгені құрайды. Осы жылы іске қосылатын өндіріс ошақтарының қатарында шетелдік инвесторлардың да жобалары бар. Мәселен, жапондықтар аймақтан құрылыс материалдарын шығаратын зауыт ашса, ресейліктер кабель өнімдерін жасауға құлшынып отыр екен. Ал құны 33 млрд теңгені құрайтын тағы бір кәсіпорын  диаметрі кең құбырлар шығаратын болады. Қытайлық капитал негізінде іске қосылатын бұл зауыт 40 пайыз импортты алмастырады деп күтілуде. Бұған қоса, алдағы уақытта табиғатқа залал келтіретін қала ішіндегі ірі зауыттарды да индустриалды аймаққа көшіру көзделіп отыр.

«Біздің мақсат - индустриалды аймаққа, біріншіден, өзіміздің, қала көлемінде жұмыс істеп жатқан, әсері үлкен өнеркәсіп мекемелерін сол жерге жылжымалы түрде көшіру мәселесі. Себебі, олардың технологиялары озық технологияға сай емес. Қала алаңында экология мәселесі қиын. Сондықтан экология саяси барысында біз ол үлкен мекемелерді бүгінгі таңда жұмыс жасап, жоспарда сол Индустриалды аймаққа көшіру мәселесін көтеріп жатырмыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.

Бұдан бөлек, биыл «Алатау инновациялық технологиялар паркін» дамытудың жаңа бағдарламасы жасалмақ. Өйткені, 163 гектардан асатын экономикалық аумақтың 50 гектардан астам телімі бос тұр. Ол жерде ІТ технологияларды дамытып, қалаға қажетті жобалар жасайтын өнеркәсіптер ашу көзделуде. Жаңа бағдарламаны жасақтауда студенттердің де стартап жобаларына мән беріледі.

«Бұл алаңда қазіргі таңда 135 компания жұмыс істеуде. 63 компания экстриалтелдық түрінде жұмыс істеп жатыр. Осы мәселелер енді заң асында шешілуі тиісті. Бірақ негізгі біздің мақсат - ол компаиялардың санын көбейту. Яғни, ол компаниялардың технологиялары біздің қалалық проблемаларды шешуге арналған технология болуы керек. Және де біздің экономикалық ең маңызды - біздің салық базасы мен жұмыс орындарын ашу мәселесі болу керек», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.