Астанада жүкті келіншекті ауруханалар босандырудан бас тартуда

13.04.2018 00:55

Астанада мерзімі жетіп, күні жақындаған жүкті келіншекті ауруханалар босандырудан бас тартуда. Ыхтияр хаты бар бола тұра, азаматтығы жоқ Сәбина Тікееваны дәрігерлер қабылдаудан бас тартқан. «Толғағым келгенде қайда барамын?» деп шырылдаған келіншек арнамыздан көмек сұрады.

Тікеевтер отбасы алғашқы балаларын асыға күтіп  жүр. Бірақ сәбиді қай жерде дүниеге әкелетінін білмейді. Аяғы ауыр Сәбина Тікееваны 9 ай бойы дәрігерлер қабылдамаған. Астана тұрғыны Ресейдің азаматшасы. Елде тұруға рұқсаты, яғни ықтияр хаты  бар. Бірақ ақ халаттыларға бұл құжат жеткіліксіз деп, айы-күні жақындаған келіншекке олар көмек көрстетуден бас тартып келеді.

«Аяғым ауыр болған соң, ауруханада есепке тұрғым келді. Онда барғанда дәрігерлер азаматтығым жоқтығын сылтау етіп, арнайы комиссия қарау керек деп, кері қайтарды. Күттік. Уақыт өтті. Қайта барғанда Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысын алға тартып, мені аяғы ауырлар есебіне алуға бас тартты», - деді Сәбина ТІКЕЕВА.

Мемлекеттік мекемеден қайыр болмаған соң, жас отбасы жеке ауруханаға жүгінген. Ана мен құрсақтағы балаға бас-көз болған мамандар түрлі талдау мен тексеріске 9 айда 500 мың теңге шығынға батырған. Ал «ақылы мамандар» жүкті келіншекті босандыру үшін тағы 350 мың сұрап отыр екен.

«Біз босануға ақша табармыз. Бірақ баланы бір терапевті уақытылы қарап, бақылап отыру керек қой. Ал қаржы болмаған жағдайда қайтеміз? Сондықтан қалайда мемлекеттік ауруханаға тіркеуге тұруға ниеттеміз», - деді Сәбина ТІКЕЕВА.

Дәрігерлер болса, бұл мәселеге келгенде өздерін ақтап әлек. Олар тек министрлік берген қаулы бойынша әрекет еттік дейді.

«Сәбина Тікеева өткен жылы күз айында бізге келді. Сол кезде ол басқа елдің азаматшасы еді. Сондықтан арнайы министрліктің құжаты бойынша біз оны қабылдай алмадық. Демек, кімде-кім бізде, елде өмір сүрсе де, қолында «Қазақстан азаматы» деген құжат болмаса, біз оны қабылдай алмаймыз», - деді Астана қаласы №9 қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Атлант КӨШЕРБАЕВ.

Ал заңгерлер бұндай жағдайдың елімізде жиі кездесетінін айтады. Адам құқығын қорғайтындар өзге елдің азаматы бола тұра, қолында ықтияр хаты болған адамның денсаулығына шұғыл көмек керек болса немесе ауыр науқас болса, ол мемлекеттен тегін көмек алуға толы құқылы дейді. 

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес шетелдіктер, азаматтар немесе елімізде ұзақ уақыт бойы өмір сүріп келе жатқан тұлғалар мемлекет ұсынған көмек алуға толықтай құқылы. Ел азаматтары қандай дәрежеде көмек алса, олар да сондай дәрежеде. Бұл өзгеріс биылғы жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді», - деді заңгер Дәмір БАЙХАДУЛИН.

Халықтың денсаулығына жауапты ведомствоның бастауымен биылдан бастап күшіне енген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бағдарламасы аясында енді шетелдіктер мен Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғалар алдағы уақытта тегін қажетті көмек алатын болады. Сәбина мен оның болашақ сәбиі де осы мүмкіндікті толық пайдаланады деген үміт бар. Ал ақылы ауруханадағы ақ халаттылар Тікеевтер отбасы алдағы бір-екі күнде сәбилі болады деген болжам айтыпты.