Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 50 пайызы отандық шипажайлар мен оңалту орталықтарында ем алудан құр қалып келеді. Астанада өткен еліміздің санаторий-курорттық саласына арналған «Шипажай-2018» денсаулық форумында осындай мәлімет айтылды. Дәрігерлер мен ғалымдар және шетелдік мамандар басқосқан жиында бірқатар статистика келтірілді. Олардың айтуынша, еліміздегі жарым жандардың жалпы саны 651 мыңға жеткен. Бұл Қазақстандағы халықтың 4 пайызына жақын көрсеткіш. Форумда мүгедектердің жыл сайын шипажайда тегін емделуі, оларға арнайы квота бөлу мәселесі сөз болды.
«Ғалымдар соңғы уақытта адамзат денсаулығына атүсті қарайтындығын айтып келеді. Олардың санағынша, бүгінде әлемдегі адамдардың 15 пайызы мүгедектікке шалдыққан. Ал Қазақстанда жалпы халықтың 3,7 пайызында «жарым жан» деген құжаты бар. Бұл ересектер мен балаларды қоса санағанда, 651 мың адам құрайды. Дәл қазір денсаулық маңыздылығын қалың жұртқа айтпасақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды ем алуын дұрыстап қолға алмасақ, көрсеткіш біраз өсуі мүмкін», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанат ОМАРБЕКОВА.