Астанада үйге мұқтаждар кезектерінің жылжымағанына қапалы

25.04.2018 01:00

Астанада «Құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтер алуды жоспарлаған салымшылар кезек күтуден шаршап, қаржы ұйымына өздері барды.  Барымызды баспана алуға салғанбыз деген жұрт, кезектерінің жылжымағанына қапалы. 

Алтынай Тұрғанбекованың «Жағалау-4» кешенінен екі бөлмелі пәтер алам деген арманы талай қиындықты жеңуге күш берген. Тапқан-таянғанын «Тұрғын үй жинақ банкіне» салып келеді. Депозитті уақтылы және келісімшартқа сәйкес толтырып отырғанымен, жеке баспананың жайы әлі де шешілер емес. Алты рет бағдарламаға қатыссам да әлі баспаналы болмадым дейді.

«Мен тырнақтап жинаған ақшамды, 6 рет қатысқан конкурске, ылғи да артқа қарай шегіне бердім. Бізде Астанада Алматыға қарағанда бір пәтерге мыңнан астам конкурске қатысады. Бұл деген сұмдық жағдай. Неге осы Астанамызда көптеу шаршы метр салынбайды? Салынса, ол басқа программалармен кетеді немесе акиматтарға кетеді», - деді салымшы Алтынай ТҰРҒАНБЕКОВА.

Алтынайдан бөлек баспанасы бас мәселесіне айналған бір топ салымшы банк басшылығына барды. Қаржы ұйымындағылардан олар кепілдендірілген мемлекеттік сыйақының да жайын білді. Салымшылардың айтуынша, қаржының дер кезінде құйылғанына қарамастан, осымен екінші жыл қатарынан одан да белгісіз себептермен қағылып келеді. Алайда, банк басшылығы «мәселені шешеміз» деген жауап қатты. «Жағалау-4» кешенінің құрылысы бақылдауда екен.  

«Қаржылық жағдайға байланысты мердігердің өзінің бір проблемасы пайда болды, үй созылып кетті. Ол мәселені шешу үшін өзіміздің күшімізді салдық. Осы келіссөздер жүргізу нәтижесінде, былтырғы, 2017 жылдың тамыз айында ақша мәселесі шешілді. Қосымша ақша берілді. Қосымша кепіл қойылды. Банктен кредит алды. Сөйтті де, енді мына үйді бітіріп жатыр», - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласы орталық филиалының директоры Жансұлтан МАТАЕВ.

Банк өкілінің айтуынша, қазір «Жағалау-4» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Коммуникация желілерін тарту жақын арада толықтай аяқталады. Құрысшылар мен мердігер компания алдағы бір-екі айда үйді тапсырады деп сендірді.