Асу Алмабаев тұңғыш рет жеңілістің дәмін татты

31.01.2017 14:56

Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді! Қаңтардың 28 күні Махачкала қаласында өткен "Fight Nights Global 58" ережесіз жекпе - жек кешінде жерлесіміз Асу Алмабаев тұңғыш рет жеңілістің дәмін татты. Асудың сөзінше, «Бұл кездесуде қарсыласым Тагир Уланбековтың  күші басым болды» дейді. Ал, жеке бапкері Қанат Тілеуімбетов, шәкіртіме уақытынан бұрын жеңіл деп бұйрық берген мен едім деп отыр. Кәсіби спортшы арнамызға арнайы сұхбат берді.

Асу Алмабаевтың жекпе - жегін барша спорт сүйер қауым асыға күткен еді. Себебі, жерлесіміз бұған дейін қарсыластарының бәрін уақытынан бұрын жеңіп жүрген болатын. Соның ішінде , 57 келі салмақ дәрежесінде тау халқының үкілеп қосқан спортшыларын жарым жолдан үйлеріне қайтарып,  сегіз бұрыштың шебері екенін дүйім жұртқа дәлелдеп жүргенін де жоққа шығара алмаймыз.  Өкінішке орай, Махачкала қаласында өткен "Fight Nights Global 58" аралас жекпе-жегінде отандасымыздың бабы мен бағы қатар шаппады.  Үш раундтқа созылған бәсекеде Асу Абайұлы шапшаң қимылдап, қарсыласына оңды - солды  соққыларын дарытып жүргенімен соңғы секундтарда белгісіз себептермен жеңілуге мәжбүр болды. 

«Ер азамаматтың жеңілгеннен кейін айтқан сөздері жаман. Спортта бәрі болады. Бұған дейін жеңіп келдім, енді жеңілдім ода тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бастысы, мен өзімді әлі толықтай көрсеткенім жоқ. Қарсыласымның мықтылығын мойындаймын. Бірақ, оң иығымда травма бар еді, соны оңтайлы пайдаланып кетті»,- деді Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Асу АЛМАБАЕВ. 

Асу Алмабаевтың жеңілісін танымал бапкер Қанат Тілеуімбетов өз мойнына алып отыр. Айтуынша, «Асудың оң иығында жарақаты болған еді. Сондықтан, айтулы жекпе-жекте шәкіртімді мәжбүрлі түрде жеңіл деп бұйрық беруіме тура келді» деуде.

«Асу шәкіртім бұл жекпе жегінде қолынан келгенінің бәрін жасады. Өз басым ризамын. Үшінші раундттың соңғы секунды қалғанын менде білмей қалдым. Тіпті, Тагир Уланбеков Асуды оң иығында қарай көтеріп лақтырғанда бәрі осы жерде шешіледі деп топшылап жерді ұр, осы жерден доғарайық деп бұйрық бердім»,- деді  «Профи файт» джиу-джитсу федерациясының вице-президенті, ¤Қанат ТІЛЕУІМБЕТОВ.

Алаш прайд ережесіз жекпе-жек спорт клубының президенті Данияр Қасқарауов пен спорт журналистері де Асудың жеңілісіне әлі де сенер емес. Себебі, бұл жолғы қарсыласының атағы мен абыройын ешкім осы күнге дейін естімеген.

«Асудың жеңісіне сенімім зор еді. Махачкала қаласына шығарып тастағымда көңіл күйі мен көзінде оты болған. Енді біз ойлағандай болмады. Амал қанша, алдағы уақытта тек жеңіс күтеміз. Бірақ, қарсыласы атағы дардай спортшы болмағаны рас»,- деді «Алаш прайд» клубының президенті, ¤Данияр ҚАСҚАРАУОВ.  

Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спортшебері, Алаш прайд спорт клубының белді мүшесі Асу Абайұлы үшін бұл жеңіліс келешекте сабақ болады деген ойдамыз. Тек, жерлестеріміз қазақ елінің намысын қолдан бермесе деп іштей тілеуден басқа  амалымыз жоқ.